Қостанай облысында көші-қон қызметінің мамандары республикалық науқан шеңберінде өткізген рейдтік іс-шаралар барысында заң бұзған шетелдіктерді ұстады, деп жазады Egemen.kz.
Сәуір айында сот шешімімен елден шығарылуға тиіс болған көрші елдің азаматы сот шешімін елемей, жасырынып жүрген. Оның бұрын да бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болған. Көші-қон қызметінің мамандары құқық бұзушыны мемлекеттік шекараға дейін шығарып салды. Ол депортацияланды және заңнамаға сәйкес 5 жыл мерзімге елге қайта кіруге тыйым салынды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша көші-қон қызметінің үш күндік жедел іс-шарасы барысында тағы 2 шетелдік азамат елден шығарылған. Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын бұзудың 30-дан астам дерегі тіркелген. Оның ішінде тіркеу мерзімінің өтіп кетуі, уақытша болу ережелерін сақтамау және тиісті құжаттардың болмауы сияқты заңбұзушылықтар бар.