• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 12:11

«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты байқауда Stanford пен Chicago студенттері жеңімпаз атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты VI халықаралық бейнематериалдар байқауы биыл мазмұны мен форматы жағынан жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Университеттің 30 жылдығына арналған байқау «Адам және жасанды интеллект – жаңа коммуникация формасы» тақырыбын арқау етіп, цифрлық дәуірдегі медианың болашағын, жасанды интеллектінің коммуникация кеңістігіндегі рөлін шығармашылық тұрғыда саралаған жастардың басын қосты.

Халықаралық байқауға АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Оңтүстік Африка Республикасы, Жаңа Зеландия, Біріккен Араб Әмірлігі, Қырғызстан және Қазақстан университеттерінен 100-ден астам жұмыс келіп түсті. Жас журналистер мен медиа мамандардың жұмыстары мазмұндық тереңдігімен, креативті режиссурасымен және цифрлық технологияларды еркін меңгеруімен ерекшеленді.

Марапаттау рәсіміне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ректоры – Басқарма Төрағасы Ерлан Бәтташұлы Сыдықов, «Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қамзабекұлы Мыңбай, сондай-ақ еліміздің медиа саласына танымал тұлғалар қатысты.

Байқаудың идея авторы әрі жетекшісі – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, кәсіби тележурналист, профессор Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекова. Байқауды ұйымдастыру комитетінің құрамында Қазақстан Премьер-Министрі баспасөз қызметі басшысының орынбасары Думан Хамит, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Жалғас Алтаев, «24KZ» телеарнасының бас редакторы Назым Стамбекова, «Апта» сараптамалық бағдарламасының редакторы Данияр Қайыртай, республикаға танымал медиа-менеджер Ысқақ Егембердиев және медиа саланың белгілі өкілдері болды.

Байқаудың Гран-При жүлдесін Еуразия ұлттық университетінің студенті Ералықызы Алинура иеленсе, І орынды Қызылордадағы «Болашақ» университетінің студенті Әбдықалық Нұрасыл жеңіп алды. ІІ орын Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің студенті Малика Динистанова мен ЕҰУ докторанты Нұрсұлтан Ақжолға бұйырды. Ал ІІІ орын иегерлерінің қатарында University of Chicago студенті Рамазан Бахарбеков пен Ақтөбе университетінің студенті Гүлдәурен Кожагулова болды.

«Бейсен Құранбек» атындағы арнайы номинацияның жеңімпазы ретінде Stanford University студенті Айвар Абдрашұлы марапатталды. Оның шығармашылық жұмысы мазмұндық тереңдігімен, заманауи медиатілмен және кәсіби шешімімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Байқаудың арнайы номинациялары да кәсіби деңгейімен ерекшеленді. «Үздік продюсерлік жұмыс» номинациясын ЕҰУ студенттері Аймарал Қуатбек пен Жансая Таңырқұл иеленді. Бұл марапатты белгілі продюсер, әнші әрі актриса Мұқан Мөлдір табыстады. Марапаттау барысында Мұқан Мөлдір мен Айым Тұрсынбекқызы орындаған «Елім де, жерім де» әні қатысушылардың ықыласына бөленді.

Сондай-ақ рәсімге «Қазақстан» ұлттық арнасының танымал жүргізушісі Ғалымжан Кеңшілік, «Хабар» арнасының жүргізушісі Ардақ Сағидолла, «Qazaqstan» телеарнасының «Aqparat» бағдарламасының жүргізушісі Алла Гаврина, «24KZ» арнасының жүргізушісі Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші Ардақ Қасымхан, «Қазақстан» ҰТА жүргізушісі Мұхтар Өміртай және басқа да медиа кеңістіктің танымал тұлғалары қатысты.

Марапаттау рәсімінде ұйымдастыру комитетінің мүшелері жеңімпаз жұмыстардың ерекшеліктеріне арнайы тоқталды. Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина халықаралық байқаудың жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтсе, қазылар алқасының мүшесі Назым Стамбекова қатысушылардың креативтілігі мен жаңа медианың тілін меңгеруіне жоғары баға берді. Данияр Қайыртай жасанды интеллектің коммуникациялық кеңістіктегі рөліне назар аударды.

Марапаттау рәсімі барысында профессор Ұлбосын Есенбекованың 55 жас мерейтойына да құрмет көрсетілді. «AMANAT» партиясы, «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарының, «Qazcontent» акционерлік қоғамының басшылары мерейтой иесіне арнайы алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын жолдады. Бұл – отандық тележурналистика мен медиа білім беру саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбекке деген жоғары құрмет белгісі болды.

 

Соңғы жаңалықтар