• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:50

Елорда өңірлерге үлгі болуға тиіс

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанадағы логистикалық орталық, медициналық бұйымдар өндіретін зауыт, нан-тоқаш, сүт пен ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындарда болып, Президенттің өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды нығайту, АӨК-тегі қайта өңдеуді тереңдету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтап, еліміздің жетекші іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып отырғанын баяндады. Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 18,9 трлн теңгеге жетті. Елорда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі жағынан республикада бірінші орында тұр. Биылғы төрт айда 587 млрд теңге инвестиция тартылды, оның шамамен 80%-ын жеке инвестициялар құрады. Қазір Астанада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда шамамен 560 мың адам жұмыспен қамтылған. ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесі рекордтық деңгейге – 66%-ға жетті. Биыл 26 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде құны 32 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін құны 36 млрд теңге болатын 18 жобаны іске қосып, мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Премьер-министрге «Technodom» көтерме-бөлшек сауда кәсіпорны» АҚ заманауи логистикалық орталығында кешеннің жұмысы мен елорданың көлік және қойма инфрақұрылымын одан әрі дамыту жобасы таныстырылды.

Ауданы 22 мың шаршы метрден асатын логистикалық орталық 11 мың паллеттік орынға есептелген. Мұнда жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метрді құрайтын температуралық режімі бар үй-жайлар қарастырылған. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді әрі тауарларды қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды жинақтау мен жөнелтуге дейінгі қызметтердің толық циклін қамтамасыз етеді. Орталық қойма­ны басқарудың автоматтандырылған жүйелері­мен және тиімділікті бақылау құралдары­мен жабдықталған. Бүгінде логистикалық кешен жұмыс ауқымымен 100% қамтылған. Орталықтың қызметін «Wildberries», «Ascona», «Gold Service Logistic» және басқа да компаниялар пайдаланады. Нысанда 200-ден астам жұмыс орны ашылған.

Сонымен қатар Премьер-министрге жеке инвестиция көлемі 300 млннан асатын 223,1 гектар логистикалық парк жобасы таныстырылды. Әлеуетті қатысушылар арасында «YXE Trading Service Group», «S Sistem Lojistik Hizmetler», «Қазпошта» және «Rhino Logistic» компаниялары бар.

Бұдан бөлек Олжас Бектенов «Wildberries Kazakhstan» компаниясының ірі логистикалық хаб құрылысының барысымен танысты. Жалпы аумағы 160 мың шаршы метрді құрайтын жоба аясында 6 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Жобаның инвестиция көлемі – 47,7 млрд теңге.

Үкімет басшысы логистикалық инфра­құры­лымды дамыту экономиканың бәсеке­ге қабілеттілігін арттырудың және еліміз­дің транзиттік әлеуетін одан әрі нығайту­дың маңызды шарты екенін атап өтті. Прези­дент жариялаған Цифрландыру және жасан­ды интеллект жылын ескере отырып, цифр­лық шешімдерді енгізу мен үдерістерді авто­маттандыруға ерекше назар аудару керек.

«Heart Center Foundation» ҚҚ зауытында Олжас Бектенов медициналық мақсаттағы пластикалық бұйымдар өндірісінің іске қосылуымен және кәсіпорынның технологиялық жабдықталуымен таныс­ты. Жобаның соңғы кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Зауыт биыл мамыр айында пайдалануға берілген. Тамызда барлық желіде өнім шығару басталады, ал биылғы қыркүйек айында толық қуатына шықпақ.

Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның қолдауымен №1 индустриялық парк аумағында жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 5,1 млрд теңге. Кәсіпорынның негізгі өнімі – ALEM атауымен қысқартылған «Astana life Ex-situ Machine» жобасы. Бұл – отандық инженерлер мен дәрігерлердің донорлық ағзаларды сақтау, қалпына келтіру мен тасымалдау үшін жасап шығар­ған бірегей әзірлемесі. Технология донор­лық ағзаның сақталу мерзімін бірнеше сағат­тан бір тәулікке дейін және одан да көп ұзар­туға мүмкіндік береді. Бұл отандық транс­п­лантологияға жаңа мүмкіндіктер ашады. Өндірісте отандық шикізатты – Атырау қаласындағы KPI зауытының пласти­калық түйіршіктерін пайдалану жоспар­ланып отыр. Бұл медициналық бұйым­дар өндірісін локализациялау деңгейін арт­тыруға мүмкіндік береді. Зауыт­тың жоба­лық қуаты 15-20 бірлік ALEM жабды­ғын шыға­руға жетеді. Ол дегеніміз – жылына био­ма­те­риалды іріктеуге арналған шамамен 6 млн контейнер мен 45 мың дренаждық құрылғы.

UMC қорының басқарма төрағасы Юрий Пя жаңа өндіріс импорттық медициналық шығындауға арналған материалдарға тәуелділікті азайтатынын айтты. Оның сөзінше, кардиология мен кардиохирургияға қажетті құралдардың басым бөлігі шетелден сатып алынады. Осыған байланысты елде медициналық бұйымдар өндірісін жолға қою туралы шешім қабылданған. Қазір донорлық органдарды сақтауға арналған аппараттың прототипі әзірленіп, жыл соңына дейін за­уытта алғашқы үлгісін шығару көзделіп отыр.

Олжас Бектенов ғылыми әзірлемелер негізінде отандық медицина өнеркәсібін дамыту мен оларды денсаулық сақтау саласына іс жүзінде енгізудің маңыздылығын атап өтті. Қазір еліміз өмір сүру ұзақтығы тұрғысынан 76 жылдық көрсеткішке жақындады. Заманауи медициналық көмекке қол жетімділікті кеңейте отырып, осы қарқынды жалғастыру маңызды.

«RnR Group» ЖШС-ның нан-тоқаш және сүт өнімдерін шығару зауыттарында Премьер-министр кәсіпорындардың өндірістік қуаттары мен жұмысты ұйымдастыру жағдайын қарап шықты.

Үкімет басшысына қайта өңдеуді дамытуға, отандық азық-түлік өнімдерін шығаруды кеңейтуге, елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жалпы құны 8,8 млрд теңге болатын жобалар бағытталғаны баяндалды. Өндірістердің қуаттылығы – тәулігіне 25 тоннаға дейін ұн өнімдері және 100 тоннаға дейін сүт өнімдері. Кәсіпорындар жергілікті шикізат базасын пайдаланады. Өнімдер елорданың сауда нүктелеріне, әлеуметтік нысандары мен желілеріне жеткізіледі.

2025–2026 жылдары Астанада сыйымдылығы 12 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы мен жылына 53 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы үш қайта өңдеу зауыты іске қосылды. 18 мың тонна көкөніс жеткізу келісімшарттары жасалды. Алдағы екі жылда агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Астана ЕТКОМ» ЖШС  ет өңдеу зауытының алаңында болып, өндірістің технологиялық үдерісімен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты.

Зауыт биылғы жылдың екінші тоқсанын­да пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Жобалық қуаты тәулігіне 50 тоннаға дейін дайын өнімді, яғни жылына 18 мың тоннадан астам өнім шығаруға жол ашады. Шикізатты отандық өндірушілерден, соның ішінде «Айтас» АҚ, «KazBeef» ЖШС және өңірлердегі шаруа қожалықтарынан сатып алу жоспарланған. Алғашқы кезеңде кәсіпорында 100-ге дейін жұмыс орны ашылса, толық қуатқа шыққанда 300-ге дейін жетеді. Кадр даярлау мақсатында кәсіпорын колледждер мен басқа да оқу орындарының студенттерін оқытуды ұйымдастырды. Оларға кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

Олжас Бектенов терең өңдеу агроөнер­кәсіп­тік кешенді дамытудың негізгі бағыт­тарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет аграрлық секторды қолдауды күшейтіп, оның ішінде биологиялық қауіпсіздіктің негізі саналатын ветеринария саласын дамы­туға, инфрақұрылымды жетілдіруге, бақы­лау жүйесін жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Еліміздің аусылдан таза ел мәрте­бесін алуы мал шаруашылығын дамы­туға әрі экспорттық мүмкіндіктерді кеңей­туге қосымша жол ашады. Тұрақты шикі­зат базасы мен кейінгі жылдардағы жоғары өнімділік қайта өңдеу көлемін арттыру­ға, дайын өнім шығаруды көбейтуге, отан­дық та­уар­ларды ішкі әрі сыртқы нарықтар­ға ілгері­летуге қолайлы жағдай қалыптастырады.

«Президент елордаға ерекше міндеттер жүктеп отыр: Астана әрдайым ауқымды бастамалардың алдыңғы шебінде болып, барлық өңірге үлгі болуға тиіс. Елорда инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика, цифрлық шешімдер және әлеуметтік сала бағыттарында дамудың жоғары қарқынын қалыптастыруы қажет. Әрбір жоба қаланың экономикасын нығайтып, жұмыс орындарын ашып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы маңызды. Сондықтан әкімдік пен салалық министрліктердің міндеті – жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету, кәсіпорындарды уақтылы іске қосу және өндірістердің тұрақты жүктелуіне жағдай жасау», деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар