• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 10:55

Жас кәсіпкер бір сәтте бірнеше баланы оқытатын жүйе ойлап тапты

Бүгінде білім беру саласы ауқымды цифрлық трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Онлайн оқыту, цифрлық платформалар мен жасанды интеллект білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды.

Соған қарамастан, онлайн білім беру саласы бірқатар қиындыққа тап болып отыр. Көптеген оқу орындарында бейнесабақтар қарапайым веб-камералар арқылы жазылады. Жарық пен дыбыс сапасының төмен болуы ақпаратты қабылдауды қиындатып, оқушылардың қызығушылығын азайтады. Кәсіби бейнекурстар жасау үшін операторлар, монтаж мамандары мен дизайнерлерді тарту қажеттілігі шығынды арттырады.

Заманауи білім берудегі осындай өзекті мәселелер «Болашақ» түлегі Олжас Өмірсеріктің EdMedia компаниясын құруға түрткі болған. Бүгінде EdMedia интерактивті видеостудиясы білім беру ұйымдарына заманауи контентті дайындауға көмектесіп, мыңнан астам көрерменге тікелей эфирлер өткізуге мүмкіндік береді. Студияда интерактивті бейнесабақтарды жазуға, цифрлық курстар мен презентациялар әзірлеуге, 3D модельдеуге, телесуфлер қолдануға, білім беру подкасттарын жасауға, жасанды интеллект құралдарын пайдалануға болады. Осының арқасында оқытушылар техника тілін меңгерген кәсіби мамандарсыз-ақ сапалы контент дайындай алады.

2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан компания соңғы бес жылдың өзінде 100-ден астам мектеп, колледж, академия мен университетке өз жүйелерін орнатып үлгерген.

«2014 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасының аясында Ұлыбританияда маркетинг және бизнес менеджменті бағытында білім алдым. Сол кезеңде білім беру дәстүрлі модельден заманауи, икемді және студенттің қажеттіліктеріне бейімделген форматқа ауыса бастаған еді. Бұл тәжірибе менің технологиялар мен білім беру саласын біріктіретін жобаларға деген қызығушылығымды арттырды. Қазақстанға оралғаннан кейін біздің алғашқы жобамыз жоғары оқу орындарына арналған курстық және дипломдық жұмыстарды автоматты түрде тексеру жүйесін әзірлеу болды. Алайда жобаны іске асыру барысында нарықтағы қолданыстағы шешімдердің көпшілігі жергілікті талаптар мен білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне толық сәйкес келмейтінін анықтадық. Осыған байланысты біз Қазақстан нарығына арнайы бейімделген, өзіміздің технологиялық платформамызды әзірлеуге шешім қабылдадық», дейді жоба авторы Олжас Өмірсерік.

Қатерлі ісікті анықтауға бес сурет жеткілікті: Жас ғалым әзірлеген алгоритмнің ерекшелігі қандай?

Осылайша интерактивті панельдер мен жасанды интеллект элементтерін және цифрлық контент әзірлеу құралдарын біріктіретін кешенді экожүйе құрылды. Алайда жоба авторының айтуынша, цифрлық білім беру үдерісіне жасалған трансформациялық қадам алғашында айтарлықтай қолдау таба қоймаған.

«Ең үлкен қиындықтардың бірі – жаңа технологияның құндылығын түсіндіру болды. Бастапқы кезеңде көптеген ұйымдар дәстүрлі оқыту форматына үйренген еді. Сондықтан бізге тек өнімді көрсету емес, оқыту тәсілінің өзі өзгеріп жатқанын дәлелдеу қажет болды. Тағы бір маңызды мәселе – импорттық шешімдердің жергілікті нарыққа сәйкес келмеуі. Шетелдік жүйелерді қайта бейімдеу уақытты ұзартты және тиімділікті төмендетті. Осы себепті біз толықтай отандық өнім әзірлеуге шешім қабылдадық. Бүгінде бұл шешім өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан цифрлық білім беру бағытында айтарлықтай прогресс көрсетіп келеді. Егер бұрын онлайн оқыту тек дәстүрлі аудиторияны Zoom форматына көшірумен шектелсе, қазір білім беру контентінің сапасына, визуализацияға және интерактивтілікке үлкен көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі студент жай ақпаратты емес, қызықты әрі динамикалық форматтағы білімді күтеді. Мұның нәтижесін халықаралық көрсеткіштерден де көруге болады. Coursera платформасының деректеріне сәйкес, Қазақстан онлайн оқуға қатысу деңгейі бойынша әлемнің 109 елі арасында 18-орынға көтерілді», дейді жоба авторы.

 

Оның айтуынша, интерактивті видеостудияны енгізу білім беру сапасын арттырып қана қоймай, цифрлық ортаны дамытуға мүмкіндік береді. Мұндағы кәсіби жарықтандыру, сапалы дыбыс және заманауи жазу технологиялары бейнесабақтарды тартымды әрі түсінікті етеді. Сабақтарға тесттер, викториналар, сілтемелер, суреттер, 3D нысандар және қосымша тапсырмалар енгізуге болады. Телесуфлер, дайын шаблондар және заманауи құралдар сабаққа дайындық уақытын айтарлықтай қысқартады.

«Біз қазірдің өзінде AI технологияларын өнімдерімізге енгізуді бастап кеттік. Болашақта олар оқу материалдарын дайындауға көмектесіп, дайын сабақтарды автоматты түрде құрастыратын болады. Контентті түрлі тілдерге автоматты түрде аударып, студенттердің белсенділігі мен оқу тиімділігін талдайды. Әр оқушы үшін жеке бейімделген оқу сценарийлерін жасауға мүмкіндік береді», дейді кәсіпкер.

Оралдық оқушылар қант диабетінің мөлшерін тексеретін құрылғы ойлап тапты

Сарапшылар қазірдің өзінде жасанды интеллект білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келе жатқандығын айтып келеді. Сол себепті жоба авторы бұл бағыттағы жұмыстарды әрмен қарай жетілдіре түсуге ниетті екендігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар