Таяуда облыс әкімі Марат Ахметжанов таза ауада тынығып, жұмақ жердің ғажайып көркімен тереңірек танысып, саф ауасын жұтып, құратқа мінгендей аунап-қунап қайтқысы келетін жалпақ жұртқа қызмет көрсету барысымен танысты. Алдымен, биші қайыңдар саябағында болды. Бурабай баурайындағы шын шебер, зергердің епсекті қолынан шыққандай ғажайып бір құбылыс туған жердің төсінде самал жел лүп ете қалса, төңірек биші қайыңдардың мың бұралған биімен әрленіп, жалаулы жасыл дүние түгел билеп, көңіліңді көкке көтерер еді. Дәл осы жерде табан тіреген адам Бурабайдың сұлулар таққан сырғадай көздің жауын алатын бар қиырын көре алар еді. Кейінгі жылдары туристік қызмет көрсету айрықша қарқын алуда. Курортты өңірдің инфрақұрылымы көп-көрім жақсарып келеді.
Келешектің кемел болуын көксеген көрікті ойдан туындайтын туризм саласындағы болашағы зор инвестициялық жобалар таныстырылды. Әлемдік брендтердің санатындағы бірнеше қонақүй кешендері, Сақ мәдениеті мұражайының жобасы және Ақылбай ауылындағы форель шаруашылығын кеңейту жоспарлары бар. Осы ұмтылыс сәтімен сабақталып кетсе, табиғи салтанатқа жанашыр жандардың ізгі ниетімен, құрыш қолдарымен бой көтерген заманауи ғимараттар да сән үстеп, ажарын аша түскендей.
Бурабай кенті маңында мың орындық атшапырым залымен әрқилы көрермендер өткізуге лайықталған орны бар конгресс орталықтың құрылысы өңірдің өңін келтіре түсері даусыз.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағының туристік әлеуетін жүйелі түрде дамытып келеміз. Міндетіміз туристер санын көбейтіп қана қоймай, жыл бойы сапалы және жайлы демалысқа мейлінше жағдай жасау. Өңір үшін экотуризм, тарихи тағылымы бар туризм және отбасылық туризм басты бағытқа айналуда. Жыл бойы жұмыс істеу инвестициялық тартымдылықты арттырады», дейді облыс басшысы.
Сөз арасында 2025 жылы Бурабай баурайында 1,7 миллион адам дем алса, оның 24,7 мыңы шетелдік туристер екен. Биыл да аз болмасы белгілі. Себеп, көркем табиғаттың аясында оларға ұсынатын заманауи кешендер саны жыл санап көбейіп келеді. Соның бірі – Щучинск қаласында салынған «Ұмай ана» экопаркі. Бұл нысан өңірдегі маңызды демалыс орындарының біріне айналмақ.
«Экопарк Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ашылып отыр. Осындай жобаларды жүзеге асыру қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға, экологиялық мәдениетті дамытуға және тұрғындардың демалуына ықпал етеді», деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Жаңа экопарк төңірегі абаттандырылған серуендеу аллеялары, демалыс аймақтары спорт және балалар алаңдары орналасқан. Саябақтың атауына енгізуге болған басты нысан сәбиін еміреніп, құшағына алған ананың ажарлы мүсіндік композициясы орналасқан.
Жаңалыққа халық дән разы. Бурабай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтелбай Бейсеновтің пікірінше, «Ұмай ана» саябағы тек жастардың ғана емес, барша адамдардың сүйікті демалыс орнына айналмақ.
Бұл күні тағы да ақ түйенің қарны жарылған әдемі оқиға болды. Әлеуметтік осал топтар санатындағы кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілті табысталып, спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар марапатталды. Іс-шара соңы мәнді де мағыналы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ақмола облысы