Шымкент • Бүгін, 08:07

Мемлекеттік рәміздер асқақтаған күн

9 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Шымкент қаласында Ту көтеру рәсімі өтті. Аталған іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен бірге депутаттар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жас­тар қатысты. «Ту тұғыры» алаңында өткен салтанатты жиында Мемлекеттік әнұран шырқалды. Жиналған көпшілікке мемлекеттік рәміздердің маңыз­дылығы мен мән-мазмұны кеңінен баяндалды. Студент жастар сап түзеп, рәміздерге деген құрметін білдірді. Патриоттық әндер шырқалып, мерекелік жиын думанды концертке ұласты.

Мемлекеттік рәміздер асқақтаған күн

Осы іс-шарада қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев сөз алып, барша жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.

– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз­дігімізді айғақтайтын қасиетті нышандар. Сондықтан оларға деген құрмет ерекше болуы керек. Қазақтың көк туы – асқақ айбынымыз. Көк байрақтың биікте желбіреуі  – қазақ үшін зор абырой. Біз әрқашан туы­мызды жоғары ұстауымыз қажет, – деді ардагер.

Шымкент қаласының құрметті азаматы, Еңбек Ері, қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік рәміздерді бекіткен депутаттардың бірі саналады. Ол 1991 жылы Жоғарғы Кеңестің XII шақырылымының депутаты болды. Бірнеше комиссия отырысынан кейін мемлекеттік рәміздердің соңғы нұсқасын қабылдау осы азаматтардың маңдайына бұйырған.

– Комиссия өз шешімін шығарғанша көптеген талқылаулар өтті, – деп еске алады еңбек ардагері. – Жұмыс тобының құрамына білікті мамандар мен ғалымдар енгізілді. Олар комиссияның әр отырысында өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Ортақ шешімге келгенше қызу пікірталастар жүрді. Мемлекеттік ту, Елтаңба және Әнұранның бірнеше нұсқасы қаралды. Соның ішінен қазіргі қолданыстағы рәміздерге таңдау жасалды. Бұл өте сәтті шешім болды деп есептеймін. Өйткені рәміздерді қай жағынан алып қарасақ та, мінсіз жұ­мысты көреміз. Қазақтың Туы мен Елтаң­басының сыртқы бейнесі, дизайндық ерекшелігі, ою-өрнектерінің мағынасы мен философиялық мазмұны өзара үйлесім тапқан. Әнұранның сөзі мен сазы да ерекше әсерлі. Әлем елдерінің рәміздерімен салыстырғанда біздің мемлекеттік нышандарымыз сұлулығы мен көркемдігі жағынан көзге жылы көрінеді. Сол үшін қыруар еңбек сіңіріп, бар идеясы мен талантын жұмсаған мемлекеттік рәміздердің авторларына мың алғыс. Солардың еңбегінің арқасында бүгінде мазмұны терең, келбеті келісті мемлекеттік нышандармен мақтанып отырмыз.

Тәуелсіздік алып, өз рәміздерімізді бекіткенімізге 35 жыл болды. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемдік аренада өзін таныта білді. Еліміз қарыштап дамып, көптеген белесті бағындырды. Алдымызға қойған стратегиялық мақсат­тарға қол жеткіздік. Шатқаяқтаған экономиканы тұрақтандырып, индустрияландыру бағдарламасын іске асырдық. Бүгінде цифрландыру технологиясы мен жасанды интеллект бағытында әлемнің дамыған елдерімен бәсекеге түсіп жатырмыз. Отыз бес жылда осындай жетістікке жетеміз деп кім ойлаған? Мұның бәрі – мемлекеттің экономикалық жаңғыру бағытындағы саясаты мен халқымыздың бірлігінің арқасы. Тек біз ғана емес, келер ұрпақ та мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауы керек. Өйткені бүгінге дейінгі жетістіктеріміз – көк туымызды биікте желбіретіп, Әнұранымызды әлемнің түкпір-түкпірінде шырқату жолындағы мақсаттардың нәтижесі. Осы мұрат келер ұрпақтың алдында да тұруға тиіс.

о

Менің жеке пікірімше, әрбір мектеп оқушысы, колледж және университет студенті, тіпті әрбір отбасы мү­шесі мемлекеттік рәміздердің мән-мағы­насын жақсы білуі керек. Міне, патриоттық тәрбие дегеніміз осы. Мен Түркияда болғанымда олардың өз туларын мемлекеттік мекемелерге ғана емес, үйлеріне де іліп қоятынын көрдім. Сонда «неткен патриот, өз туын қадірлейтін халық» деп таңғалдым. Осындай көзқарас пен ұстаным біздің елге де қажет. Қай істі бастасақ та, көк байрағы­мыздың абыро­йын ойлап жүруіміз керек.

Мемлекеттік рәміздер күніне арнал­ған іс-шараға жастарды қалалық Жастар ре­сурстық орталығының басшысы Жан­серік Жұман бастап келіпті. Оның айтуынша, мемлекеттік нышандар мен ұлттық-патриоттық тәрбие – егіз ұғым. Сондықтан мұндай бағыттағы мерекелік жиындар жастардың қатысуынсыз өтпейді. Салтанатты іс-шараға екі мыңнан астам жас қатысып, соның бес жүзі сап түзеп, көк туымызды желбіретіп тұрды. Бұл жастардың арасында елге және рәміздерге деген пат­риот­тық рухтың бар екенін көрсетеді.

Жастар көшбасшысының айтуынша, әр азаматтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі ерекше болуға тиіс. Өйткені әлем Қазақстанды осы нышандар арқылы таниды. Олар еліміздің төлқұжаты іспетті. Қай мемлекеттің болмасын рәміздері болса, бұл оның азат әрі тәуелсіз ел екенін білдіреді. Сондықтан мемлекеттік нышандарды құрметтеу – мемлекеттің өзін құрметтеу деген сөз.

Оның айтуынша, қолданыстағы заң­намаға сәйкес көк Туды патриоттық се­зімді білдіру мақсатында кең көлемде пайдалануға болады. Яғни ол тек мемле­кеттік мекемелерде ғана емес, әр азаматтың үйінде де желбірей алады.

Осындай рухани-тәлімдік тәрбие мақсатында Жастар ресурстық орталығы ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның ішінде әскери-патриоттық тәрбиені ерекше атап өткен жөн. Оның аясында орталық жастарды бастап, әр екі апта сайын қаладағы әскери бөлімдерге экскурсия ұйымдастырады. Мұндағы мақсат – жастарды әскери өмірмен та­ныс­­тыру әрі олардың бойында ел қор­ғаны болуға деген жауапкершілік пен патриоттық рухты қалыптастыру.

Сонымен қатар орталық шаһарда табысты кәсіп бастап, кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлерді әлеуметтік желі­лер арқылы халыққа таныстырып келеді. Бүгінде қарапайым кәсіптен бас­­тап, кейін үлкен бизнеске айналған көп­теген табысты жоба бар. Солардың тәжі­рибесін көрсету арқылы өңірде кәсіпкер­лік мәдениетін дамыту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті дәріптейтін фото және бейнематериалдар арқылы қоғамға оң ық­пал етуді мақсат еткен бастамалар да жү­­­зеге асырылып жатыр. Жастар Мем­­­ле­­­кет­тік Рәміздер хештегі арқылы әлеу­мет­­тік желілерде өздерінің игі істе­рімен бө­лі­сіп жатыр. Мұндай патриоттық бағыт­тағы іс-шаралар жыл сайын Рәміз­дер күні қарсаңында тұрақты түрде ұйымдас­тырылады.

Сондай-ақ орталық түрлі мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды нашақорлық, құмар ойындар және басқа да зиянды әдеттерден сақтандыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Орталық мамандары полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдтерге шығып, кәмелетке толмағандар­дың құқықбұзушылықтарының алдын алуға атсалысады. Осылайша, жастар арасындағы қылмыс пен бұзақылықтың азаюына өз үлестерін қосып жүр.

Әсіресе ЖИТС секілді қауіпті инфек­циялардың жастар арасында таралуына жол бермеу мақсатында оқу орындары мен мекемелерде мамандардың қатысуымен кездесулер өткізіліп, түсін­діру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар Мансап орталығы­ның мамандарымен бірлесіп айына екі рет шамамен 150 жасты қаладағы түрлі кәсіп­орынға экскурсияға апарады. Бұл жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға бағыт­талған.

Статистикаға сәйкес­ шаһардағы жас­тар саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр 391 мың жас болса, биыл олардың саны 400 мыңнан асты. Ал олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – Жастар ресурстық орталығының басты міндеттерінің бірі.

Сонымен бірге Мемлекеттік рәміздер күні Шымкентте тағы бір маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындары көк Туды балкондарына іліп, рәміздерге деген ерекше құрметін көрсетті. Осылайша, мереке жалпыхалықтық сипатқа ие болды деуге толық негіз бар.

Бұл сондай-ақ патриоттық тәрбие бағытындағы мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Әрбір тұрғын көк Туды өз үйіне ілу арқы­лы республика көлемінде аталып өткен маңызды мерекеге өзіндік үлесін қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, егер әр азамат мемлекеттік нышандарды қадірлеп, елдің дамуын басты мұрат етсе, қоғам ешқашан бірлігінен ажырамайды. Ондай елді сыртқы күштер де әлсірете алмайды. Өйткені барлық отандастың мақсаты ортақ, тілегі бір болады.

Соңғы жаңалықтар