Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұл деректер Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер Білім министрлерінің IX отырысында айтылды. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстанның білім және ғылым саласына жауапты ведомстволарының басшылары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшылығы мен Түркі академиясының өкілдері қатысқан отырыс барысында түркі мемлекеттері арасындағы білім, ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру және ортақ білім беру жобаларын ілгерілету мәселелері талқыланды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және академиялық ықпалдастықтың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның ғылым мен инновацияларды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ министр Қазақстанның Түркі академиясы жанындағы Ғылыми кеңеске төрағалықты қабылдағанын айтып, Әзербайжан Республикасына атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. «Қазақстан Түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамалардың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Біз Түркі академиясының білім алмасу мен институционалдық өзара іс-қимылдың тиімді алаңы ретіндегі рөлін одан әрі нығайту үшін барлық мүше мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргіземіз», деді министр. Министрдің мәлімдеуінше, Түркістандағы басқосуда маңызды шешімдер қабылданды. Болон, Лиссабон, Токио конвенцияларына қосылған Қазақстан секілді түркі елдері де осындай үдерістерді бастамақшы. Отырыста сол үдерістердің маңызды бағыттары айқындалды. Біріншісі, түркі мемлекеттері арасындағы жоғары білім беру кеңістігін интеграциялауға, ғылы-ми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға бағытталған стратегиялық маңызы зор халықаралық бастама – ORHUN академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Студенттердің академиялық тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени мұраны терең әрі кешенді зерделеуіне жағдай жасау бағдарламаның негізгі мақсаты. «Енді соған Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан толыққанды қосылып, студенттерімізге басқа Түркі елдері университеттеріне барып, алмасуға мүмкіндік беріп жатырмыз. Оның үстіне жас ғалымдарымызға да үлкен жол ашылып отыр. Түркі елдерінің студенттері енді оқуын бітіргенде олардың дипломдары, ғылыми және академиялық дәрежелері Түркі елдерінің кеңістігінде танылатын болады. Жұмысқа орналасу, өз мансаптарын жалғастыру, ғылыми жобалармен айналысу мүмкіндігі болады», деді министр. Сондай-ақ отырыс нәтижесінде декларация қабылданып, Түркі елдері университеттері лигасы құрылды.
Іс-шара аясында Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің отырысы да өткізілді. Кеңес жұмысына Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев, Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев, Түркия Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар вице-министрі Дурус Козуев, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркия Жоғары білім кеңесінің төрағасы Эрол Озвар және Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің бірінші орынбасары Сардор Раджабов қатысты. Ғылыми кеңесте Түркі академиясының 2024–2025 жылдардағы қызметінің қорытындылары, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мен басым ғылыми зерттеу бағыттары қаралды. Қатысушылар академияның түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, археологиялық экспедициялар ұйымдастыру, тіл, тарих, тұрақты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі бағыттарындағы жобаларына жоғары баға берді.
Сондай-ақ кеңес барысында Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағалығы Әзербайжан Республикасынан Қазақстан Республикасына ресми түрде тапсырылды. Сонымен қатар қабылданған шешімдер хаттамасына қол қою рәсімі өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар түркі әлеміндегі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, бірлескен зерттеулерді қолдауға және ортақ ғылыми-білім беру кеңістігін дамытуға бағытталған жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
ТҮРКІСТАН