«Armenia Today» ақпарат порталының мәліметінше, сайлаудағы жеңісін Никол Пашинян баспасөз мәслихатында мәлімдеген. Оның айтуынша, 2021 жылы алдыңғы сайлаумен салыстырғанда партияны қолдаған азаматтар саны артқан.
«2021 жылмен салыстырғанда «Азаматтық келісім» партиясына халықтың басым бөлігі дауыс берді, көп азаматтың сенім мандатына ие болғанын атап өткім келеді. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», деді премьер-министр. Сондай-ақ «Армения халқы Түркия мен Әзербайжанмен бейбіт қарым-қатынасты қолдап дауыс берді. Әрине, біз Түркиямен шекараның ашылуын күтеміз», деді Пашинян «Media From Turkiye» басылымына. Ол бұған қоса бұл елдерден оң реакция күтетінін атап өтті.
«Құрметті Армения Республикасының азаматтары, баршаңызды жақсы көремін, баршаңызды мақтан тұтамын, баршаңызға тағзым етемін. Қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ, жасасын Армения Республикасы», деп халқына алғысын білдірді Никол Пашинян.
Сондай-ақ, сайлаудан кейін Никол Пашинян Арменияның Батыспен жақын араласуға ұмтылатынын, бірақ Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысуын тоқтатпайтынын мәлімдеді.
«Біз Батысқа жақындай түсуді жалғастырамыз, бірақ сонымен бірге ЕАЭО мүшелігінде де қала береміз. Біз Ресей Федерациясымен, сондай-ақ ЕАЭО-ның басқа елдерімен қарым-қатынасымызды дамытамыз», деді премьер-министр. Айта кетсек, 29 мамырда Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей көшбасшылары Арменияны Еуразиялық экономикалық одақта қалуын немесе ЕО мүшелігіне енуі мәселесіне қатысты референдум өткізуге шақырған еді.
Армения сайлау жүйесінің ерекшеліктеріне сәйкес, дауыс беру нәтижелері ресми шыққаннан кейін, 4 пайыздық межеден өте алмаған партиялардың дауыстары парламентке өткендер арасында бөлінеді, осылайша белгілі бір саяси күш неғұрлым жоғары пайыз алса, қайта саналған дауыстардың үлесі соғұрлым көп болады. Жалпы саяси блоктар үшін шекті көрсеткіш жоғары және қатысушылар санына байланысты: үш партиядан тұратын одақ үшін сегіз пайыз, ал төрт немесе одан да көп партиядан тұратын блок үшін 10 пайыз. Алдын ала мәліметтер бойынша, «Азаматтық келісім» партиясы Армения парламентіндегі 101 орынның шамамен 58-ін алады.
Армения – парламенттік республика. Үкімет басшысы – сайлауда жеңіске жеткен партияның жетекшісі. Дауыс беру бес жыл сайын пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізімдер бойынша өтеді. Биыл 18 саяси күш – 16 партия және екі блок – сайлауға қатысуға өтініш берген. Негізгі үміткерлер Никол Пашинянның биліктегі «Азаматтық келісім» партиясы, бизнесмен Самвел Карапетянның «Күшті Армения» блогі мен бұрынғы президент Роберт Кочарянның «Армения» блогы болды. Сондай-ақ «Армения» одағына аттас «Жаңа дәуір» партиясы мен «Біріккен армяндар» кірді, ал «Армения» блогіне «Дашнакцутюн» мен «Жаңғырған Армения» кірді.
Сарапшылардың пікірінше, Армения экономикасы бірнеше жыл қатарынан өсіп, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. «Азаматтық келісімнің» сайлауда жеңіске жетуінің бір себебі де осында. Елдің кейінгі жылдардағы экономикалық қалпына келудің көп бөлігі сыртқы факторларға байланысты: Украинада қақтығыс басталғаннан кейін Ресейден қоныс аударушылар қатары артып, капитал ағыны, тұтыну көрсеткіші, экспорт өсті.
Сарапшылар «Қарабақтағы жеңілістен кейін Никол Пашинянның саяси мансабы аяқталғандай көрінді, бірақ бұл сайлау оның қазіргі қарсыластарына одан да аз сенім артылатынын көрсетеді» деген де пікірде.
«The Insider» интернет басылымының хабарлауынша, дүйсенбі күні түстен кейін үш ірі оппозициялық күш ресми сайлау нәтижелерін мойындамаған. Оппозиция дауыс беру және санау кезінде көптеген бұзушылықтар болғанын мәлімдеген. Алайда, сарапшы Роман Удот: «Пашинянның пайдасына бұрмалаулар бар болғанымен, олар айтарлықтай емес, мәселен, 49 пайыздың орнына 47-48 пайыз болуы керек еді», деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына.
Армения Орталық сайлау комиссияның мәліметіне сәйкес, сайлауға халықтың 58,97 пайызы қатысып, 1 476 597 азамат дауыс берген. Ереванда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан халықаралық байқаушылар тобы Ұлттық жиналысына сайлау өткізу мониторингін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеді. Айта кетсек, Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов – ТМД ПАА халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі. Миссия құрамында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Геннадий Шиповских, Қазақстан Республикасы Парламентінің ТМД ПАА-дағы өкілетті өкілі Асхат Мұқашев бар. ТМД ПАА байқаушылары дауыс беру күні Еревандағы, сондай-ақ, елдің басқа өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде болды. Миссия өкілдері учаскелердің ашылуына қатысты, дауыс беру барысын қадағалады, сондай-ақ дауыстарды санау мен сайлау қорытындыларын шығару рәсімдеріне мониторинг
жүргізді.
«Миссияның жұмысы саяси бейтараптық, объективтілік және мемлекеттің ішкі ісіне араласпау қағидаттарына сәйкес жүзеге асты. Байқаушылар сайлау үдерісінің ұйымдастырылуын, азаматтардың сайлау құқығының сақталуын, рәсімдердің ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалады. Мониторинг барысында бүкіл ақпарат жинақталып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы халықаралық байқаушылар миссиясының қорытындысына енгізіледі», деді Ж.Асанов.