Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
Бумакөл ауылдық округіне қарасты Облавка ауылы шағын болғанымен, шекараның іргесінде тұрған стратегиялық елді мекен. Мемлекеттік шекара дәл ауыл жанынан ағатын Жайық өзені арқылы өтеді. Осыдан 10 жыл бұрын республика қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, өзеннің жыл сайын су құлатып келе жатқан жағалауы бекітілген еді. Ауылда 228 ересек тұрғын бар. Жақында мұнда жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Жаңа нысан құрылысына 160 млн теңге жұмсалған. Жоба «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Құрылыс-монтаж жұмысы биылғы қыркүйек айында ғана басталса да, мердігер «Уральскстройинвест» компаниясы медициналық пунктті аз уақыт ішінде сапалы етіп салып шықты.
– Біздің бұған дейін пайдаланып келген ғимаратымыз 1950-жылдары салынған көне үй еді. Қазір кіріп отырған жаңа ғимаратымыздың аумағы 155 шаршы метр. Мұнда дәрігерге дейінгі қарау, ем-шара, физиотерапиялық кабинеттер, техникалық бұрыш бар. Қажетті құрал-жабдық дайын. Штатта медбике, техникалық қызметкер, күзетші, екі қазандық операторы жұмыс істейміз. Ауыл тұрғындарының денсаулығы ұдайы назарымызда. Дәл қазір ауылда бір жасқа дейінгі 2 бала, 14 жасқа дейінгі 48 бала бар. Біз бұл жерде науқастарды қабылдап, тексеріп, функционалдық міндеттерімізге кіретін ем-шараларды жүргіземіз, – дейді медбике Гүлнәр Темірғалиева. 40 жылға жуық еңбек өтілінің 35 жылын осы ауылда медбике болып өткерген Гүлнәр Темірғалиқызы – өз ісінің жетік маманы.
Ауылдағы жаңа нысанның ашылу салтанатына Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Мұқтар Нұрмақов қатысып, жаңа медициналық пункттің ел игілігіне қызмет етуіне тілек білдірді. Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Мейрам Татаев мемлекет тарапынан жасалып жатқан сан салалы қамқорлықтар үшін алғыс айтты.
Сол күні Бөрлі ауданындағы Ақсу ауылы тұрғындары да дәл осындай су жаңа медициналық пунктке ие болып, қуанышқа бөленді. Ақсу ауылдық округіне қарасты Ақсу, Жаңақоныс ауылдарында 510 адам тұрады. Енді олар бас ауырып, балтыр сыздаса ауданға сабылмай, жеңіл-желпі сырқат болса өз ауылында сапалы ем алады. Ауылға биыл ғана жолдамамен келген медбике Гүлнәр Ғұсмановаға қызметтік пәтер берілген. Жас маманға алаңсыз қызмет ететін барлық жағдай жасалған.
– Біздің Бөрлі ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы өте жақсы жүзеге асып келеді. Былтыр ғана Ақсай қаласының іргесіндегі Аралтал шағын ауданында амбулатория пайдалануға берілді. Биыл күзден бері Қарағанды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақоныс, Облавка, Ақсу ауылдарында амбулатория іске қосылды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады. Бұған қоса ауылда тұратын медицина қызметкерлері үшін «Соболь» маркалы 6 автокөлік берілді, – дейді Бөрлі аудандық ауруханасының директоры Алтынай Баймұратова.
Батыс Қазақстан облысы