• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Еңбек 09 Қаңтар, 2025

Арман қуып Ақбелге келген

150 рет
көрсетілді

Лезгин ұлтының өкілі Саладин Юзбеговтің Бұқар жырау ауданы Ақбел ауылына қоныс аударғанына екі жылға жуықтапты. Үй мен базды 5 миллион теңгеге сатып алыпты. Баздың құрылысы аяқталмаған көрінеді. Ішін әктеп, қоршаумен қолайлы етіп бөліп, жарық шамдарын орнатыпты. Үйді де екіге бөліп, құрылыс жұмысын жүргізген. Бірінде өзі тұрады, бірін жұмыскерлеріне әзірлеп қойыпты.

Саладин бұған дейін көліктерге GPS трекер орнататын компанияда басшылық қызметте болған. Бірақ жаны ауылды аңсаған соң, бір-ақ күнде артынып-тартынып ауылға көшіп барған. Балалық шағы Нұра ауданында өтіпті. Әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары болған. Шаруаның бәрін көріп өскен Саладинге қорадағы жұмыс қорқынышты емес. Еңбекпен ерте шыңдалған оның ауылға көшудегі мақсат-мұраты әріде жатыр.

Қазір жас фермер қойдың еділбай мен гиссар тұқымын өсіріп отыр. Ауылға көшіп келген бетін­­­­де Қоста­­­най­­­дағы белгілі «Қазаққой орталығы» шаруашылығынан 30 бас саулық әке­ліп­ті. Былтыр Түркістаннан 50 гиссар қойы мен асылтұқымды гиссар қош­­­­қарын сатып алыпты. Қазірдің өзінде олар­­дың қозылары әжептәуір сал­мақ­ты.

Бітімі бөлек гиссар тұқымы қош­қары­ның бағасы әлеуметтік желіні дүрілдетіп тұр. Мұндай қошқардың бойы 1 метрден асып, салмағы 190-200 келіге дейін барады. Етті әрі майлы, құйрықты, дүниежүзіндегі барлық қой тұқымының ішінде ең ірісі. Тез өсіп, салмақты да тез жинайды. Етінің де дәмі ерекше көрі­не­ді. Осының бәрін әбден зерттеген фермер тағы да 100 қой аламын деп отыр. Гиссар қойының отаны Тәжік­станға жол тартамын дейді. Асыл тұ­қымды қошқар әкеліп, селекциялық жұмысты жаңғыртып, қой тұқымын асылдандырмақшы.

– Асылтұқымды екі қошқарым бар. Күтіміне аса жауапкершілікпен қарай­­­мын. Уақ малда кездесетін ішек құрт, бруцеллез, қотыр секілді түрлі аурудың алдын аламыз. Ол үшін арнайы екпе салғызамыз. Үш-төрт ай сайын анализ алып отырамыз. Арықтың, жасанды көлдің суын ішпейді. Құдықтың тұщы суын береміз. Күнде қосымша арпа береміз, – дейді С.Юзбегов.

Көктемнен бастап, қошқарларын сата бастайды. Қазірден алғысы келе­тіндер көп. Саладиннің әлеу­меттік желісі ар­қылы көріп, біліп қызы­ғу­шы­лық таныт­қан жұрт тұқымын алуға асы­ғып жүр. Ауылға келген меймандар Саладиннің қорасына соғады. Өйт­кені ірі қошқарларын қызықтайды. Со­нымен қатар Қостанайдан сүтті «Сим­­­­мен­тал» тұқы­мынан 10 сиыр әкелу де жос­парында бар.

Ауылдың жұрты кең ғой. Елге үй қосылды деп құшағын ашып, көмек қолын созады. Солардың бірі – көршісі Қуаныш Маратұлы. Ол ауылдың ветеринар дәрігері. Саладинге көп көмегін тигізеді. Екеуі тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Қуаныш өзінің білгенімен бөліседі. Қойын егіп береді. Басқа да шаруаларына тік тұрады. Ауылдың бақташысы Ақжол Сағадиев те қолы алтын жігіт. Қорасының, үйі­нің құрылысына қолкөмегін аяған емес. Жаңа көшіп келген Саладинге алғаш болып ерулік берген де – екеуі. Атқа мініп, аң қуады. Мал сойып, ет мүшелеуге дейін үйретіп қойыпты.

Биыл Үкіметтің көмегіне жүгініп, жеңілдетілген несие рәсімдемекші. Сол арқылы трактор, шөп шабатын техника ал­­­­ғысы келеді. Бәрі де қысқы азығын қам­даудың әрекеті.

Шаруасына тастай Саладин сүр бойдақ. Ауылдың қызын алып, шаңы­рақ көтергісі келеді. Ол күннің де ауы­лы алыс еместігін және сездірді. Сол себеп­ті, күні-түні қазақша үйреніп жүр. Сөйтіп, Саладин қой ғана емес, ой да бағып жүр.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы,

Ақбел ауылы