Алматыға пойызбен аттанатын жолаушылар енді жайлы әрі кең вагондармен сапарлауға мүмкіндік алып отыр. Петропавл вагон жасау зауытында Тверь вагон жасау зауытының технологиясымен жасалған жаңа вагондар Павлодар – Алматы – Павлодар бағытында жүре бастады.
Павлодардан Алматыға дейінгі жүру уақыты – 26 сағат 44 минут. Бір бағытқа билет құны – купеге 15 072 теңге, плацкартқа 9 945 теңге. Жалпы 3 пойыз құрамы, 15 вагон (8 купе және 7 плацкарт) жұмылдырылған.
Вагондарды жаңарту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында өзгерістер енгізіліп жатыр. Петропавл қаласындағы отандық вагон жасау зауытында өндірілген жолаушылар вагоны аталған бағытта жүре бастады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Петропавл вагон жасау зауытымен 157 вагонды жеткізу бойынша шарт жасады. Осы келісім аясында 50 вагон жеткізіліп, №31/32 «Павлодар – Алматы» бағытына жіберілді», дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев.
Жаңа вагондар ауаны баптау жүйесі, түтін детекторы, биодәретхана және тамбурдағы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Жолаушы жайлылығы үшін купелерде электр розеткасы мен USB порттар қарастырылған. Плацкарт – 52 орын, купе – 36 орынға лайықталған. Қазір компанияға 2 171 вагон тиесілі. 2030 жылға дейін ескірген вагондарды есептен шығару жоспарланған. Паркті жаңарту аясында жаңа вагондар сатып алынады. Кейінгі 10 жылда акционерлік қоғамның вагондар паркі 50%-ға жаңарған. Сонымен қатар «Stadler Bussnang AG» компаниясымен 2025–2030 жылдар аралығында «Stadler» технологиясы бойынша 557 вагон сатып алу туралы келісімшарт жасалған.
Сонымен бірге жаңа вагондар Атырау – Маңғыстау, Ақтөбе – Атырау, Павлодар – Түркістан, Астана – Семей, Алматы – Жезқазған бағыттарында қатынайды.
Павлодар облысы