Қазір кең қолданыстағы «қант диабеті» ұғымын білеміз. Бірақ оны қазақтілді ғылыми айналымға кімнің енгізгенін біле бермейміз. Бұл – есімі үлкен әріппен жазылатын, себебі жанына шипа іздеген талайдың алғысын алған эндокринолог, жоғары білікті дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Макош Ыбыраева.Ол – медициналық оқулықтардағы «ішкі аурулар» терминінің, эндокринология бойынша клиникалық лекциялардың авторы. Ал оның ғылымға келуі тіпті де қызық.
Макош Тіріжанқызы ғылымға келу жолын әріден бастады. Оның ойынан түйгеніміз, барлығы әкесіне деген шексіз махаббат пен перзенттік парыздан бастау алған секілді.
«Адам туғаннан талпынып туады. Өз мысалыма келсем, 5 жасымда әкем бақиға аттанды. Мен бір күнде есейдім, әкесі бар замандастарымнан көбірек әрекет етуім керегін түсіндім. 36 жасында 3 баламен жесір қалған анам да өте пысық адам болатын, жалғыз жәрдемшімнің жетелеуімен жетілдім. Мектепті өте жақсы бітірдім, бірге оқығандар арасында жоғары оқу орнына түскендері жоқ. Анам бағымды байламайын деп қалаға жіберді. Көкшетауға Қарағандыдан, Алматыдан жылжымалы қабылдау комиссиясы келіпті. Туған ауылым Ақмола облысының Макин ауданына қарасты Шиелі ауылына жақындау болған соң, Алматыны таңдамай, Қарағандыдағы медицина институтына түстім», дейді ол.
Иә, кейіпкеріміздің бағы бар екен, өйткені Қарағанды медицина институты еліміздегі ең мықты оқу орындарының бірі еді.
«Қазан мен Ленинградтан келген еврей профессорлар сабақ берді. Өзім таза қазақ мектебін бітіріп барсам да, оқуда қиналмадым, өйткені медицинаны оқу үшін латыншаны үйренесің. Институтты 6 жыл оқып, 45 емтиханның 4-еуін ғана 4-ке, қалған 41-ін 5-ке тапсырып тәмамдадым. Сөйтіп, үздік түлек ретінде мені институтта қалдырды. Алайда анам рұқсат бермей, Макин аудандық орталық ауруханасына терапевт болып жұмысқа тұрдым. Целиноградтың бас терапеві Валентина Бородей ауданға келіп, сондағы еңбегімді ерекше бағалап, өзіне шақырды. Целиноградқа барсам, Алматыға жолдама дайындап қоятынын айтты. Осылай Алматыға аттанып, терапиядан білімімді жетілдіріп, сол жақта ауылдасыммен отбасын құрып келдік. Целиноградтағы медициналық институтта ординатураны екі жыл оқып тауыстым да, осы жерде оқытушы болып қалдым әрі институттың клиникасында дәрігер қызметін атқардым. Ассистент болып жүргенде зерттеулерімді бастадым», деді ғалым.
Кейіпкеріміз балаларымен жүріп қант диабетін зерделеді. Оқытушылығы бойынша Новосібірге білімін жетілдіруге барғанда диабет кафедрасының басшысы, профессор, сондағы эндокринологтер мектебінің негізін қалаушы Валерий Александрович Галенокке кіріп, ғылыми жұмысы барын, қарап көруін өтінген. Ал ол бұл өтінішін өзінің орынбасарына айтуын, сол тыңдауға тұрарлық десе ғана еңбекпен танысатынын ескерткен.
«Орынбасарына барып, Валерий Александрович сізге мені тыңдасын деп жатыр дедім. Медицина ғылымдарының докторы Владимир Балашов деген аңқылдаған оңды кісі екен, бір сағат отырып баяндадым. Содан мені кафедра басшысына ертіп барып дұрыс пікірін білдірді. Бірнеше күннен кейін профессордың алдында баяндама жасадым. Бір метр жерде отырған В.Балашов дұрыс айтып келе жатсам, басын изейтін, теріс болса, басын шайқайтын. Жанашырлық қой. Өмірде осындай жақсы адамдарға тап болдым. Олар маған қай жерін түзеп, қай тұсын толықтыру керегін түсіндірді. Елге келіп қайта жазып шыққандай болып, зертханалық тәжірибе нәтижелерін қосқан жұмысымды алып Новосібірге бір жылдан кейін тағы бардым. Олар мені келмейді деп ойлапты. Ал мен Галенокке өзіне жұмысыма жетекші болуын сұрадым. Оның талабымен жылына 3-4 реттен қатынап жүріп диссертациямды дайындап, жеті жыл дегенде қорғауға шықтым», деп еске алды М.Тіріжанқызы. Нәтижесінде, ол өз еңбегінде қант диабетімен ауыратын бірінші типтегі жас науқастардың жүрек-қан тамыр жүйесінің қалай өзгеретінін және бұған қосымша қандай дәрі-дәрмектер әсер ететінін анықтады.
Диссертацияны қорғап болған соң, сөз сөйлеген жетекшісі «Алғаш маған келіп жобасын айтқанда ертегі деп қабылдағанмын. Табандылығына тәнті болдым, діттегеніне жетті», депті. Расымен де, М.Тіріжанқызы – алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын жан. Сол қасиетімен студенттер іздеп жүріп лекциясына қатысатын оқытушы атанды. Целиноград медициналық институтында (қазіргі Астана медициналық университеті) дәрігерлерді даярлайтын топтардың қазақ бөлімдерін ашудың басы-қасында жүрді. Оқытуға қажетті құралдардың қазақ тілінде жазылуына мұрындық болды, өз саласы бойынша «Қант диабеті», «Эндокринология» секілді 5 әдістемелік-оқу құралын жазды, алыс-жақын шетелдердегі медициналық басылымдарға 50-ден аса ғылыми мақала жариялады. Осыған қоса қоғамдық, маңызды мемлекеттік қызметтерді де абыроймен атқарды. Атап айтқанда, 1992–1997 және 2003–2008 жылдары Астана қаласы Денсаулық басқармасының штаттан тыс бас эндокринологі болып, Испания, Италия, Нидерланд елдерінде, Мәскеуде ғылыми конференцияларда баяндама жасады, қаладағы эндокринологтердің білімін жетілдіруге бағытталған ғылыми семинарларды ұйымдастырды. Қазақстандағы эндокринологтер қауымдастығының Астана филиалын басқарды. Осы еңбектері еленіп, 1997 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздігі», 2000 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі берілген.
«Ғылымның шыңына шықтым дей алмаймын. Бірақ әр ісімнен ләззат алдым, жолымда кездескен әр адамнан өмірлік тәжірибе жинадым. Ғылыммен шұғылдануыма жұбайымның түсіністік танытуы көмек болды. Әйел адамның басты бақыты – отбасы. Отбасында бақытты әйел кәсіби жағынан да жетіліп, өзін дәлелдей алады. Ал кәсіпте шыңға шыға білу үшін еңбек, адалдық керек», дейді М.Тіріжанқызы.