• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы 18 Наурыз, 2025

«Наурыз жұмыскермен» бірге армандар орындалады

44 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жұмысшы маман­дықтары жылы» аясында Үкімет техникалық мамандарды қолдау шараларын мемлекеттік деңгейде жүргізе бастады.

Премьер-министр Олжас Бектенов­тің тапсырмасымен «Отбасы банк» «Наурыз» бағдарламасының жаңа бағыты – «Наурыз жұмыскердің» іске қосылғанын жариялап, жұмысшы мамандарды баспанамен қамту мәселесін тиянақты түрде қолға алмақ. Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс және су ресурстары саласы қызметкерлерін қамтиды. Биыл «Наурыз жұмыскер» аясында жұмысшы мамандарға 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік деңгейдегі бастаманың тағдыры ішкі нарықтан қолдау тапқанда ғана баянды болмақ. Алғаш­қылардың бірі болып қытайлық ірі теміржол холдингі «GK Railways»-пен бірлесіп құрылған БЕНТ компаниялар тобы жаңа бағдарлама аясында қызметкерлерін тұрғын үймен қамтуға кірісті. Компа­ния жоғары жылдамдықты жүрдек пойыздардың теміржолы үшін жасалатын жол құрылымының материалдарын дайындаумен және жеткізумен айналысады. Олар өнімдерін әлемнің 15-тен астам еліне, оның ішінде АҚШ, Испания, Италия, Англия, Оңтүстік Америка және Қазақстанға экспорттайды.

БЕНТ пен «Отбасы банк» мемо­рун­думға қол қойды. Тараптардың келісімі шеңбе­рінде БЕНТ 8 жұ­мысшысына 24 млн теңгенің сертификатын «Наурыз жұмыскер» жаңа бағдарламасы бо­йынша қайтарымсыз алғашқы жарна ретінде ұсынды. Қаржының қалған бөлігін «Отбасы банк» әлеуметтік осал топтар үшін жылдық 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және барлық басқа санаттар үшін жылдық 9%-бен (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) қаржыландырады. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынба­са­ры Нұрлан Ақшанов БЕНТ-тің мем­ле­кет­тік бағдарламаны іс жүзінде қолдап отыр­ған ең алғашқы компания екенін айтты.

«Біз 17 наурыздан бастап осы бағдар­ламаны іске қосамыз. Бағдарлама түрлі деңгейдегі жұмыскерлерге арнал­ған. Шарты өте жеңіл. Бастапқы жарна – 10%, несие мөлшерлемесі де төмен», дейді Нұрлан Ақшанов.

Оның айтуынша, несие мерзімі – 19 жыл. Сегіз жылдан кейін пайыздық мөлшерлеме 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) бастап 5%-ға (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) дейін төмендейді. Бағдарламаға қатысу үшін банкке келіп, құжаттарды толтырса болды. Алматы, Астана, Шымкент қалалары үшін не­сие­нің максималды мөлшері – 36 млн теңге, басқа қалаларда – 30 млн теңге.

«Моно қалалар немесе қа­ланың шет аймағы үшін екінші нарықтағы үйлерді сатып алуға мүмкіндік қарастырылған. Биылға бөлінген 72 млрд теңге 500-ден аса өтініш иесін қанағаттандырады», дейді Нұрлан Ақшанов.

БЕНТ президенті, Іле ау­дан­дық мәслихатының депутаты Дінмұхамед Кузиев жеңілдікті несиемен үй сатып алуға мүм­кіндік беретін сертификатқа ие болған ­ 8 жұмысшыны таңдау қатаң іріктеу арқылы өткенін айтып берді.

«Қазақстанда алғаш рет мемлекет­тік бағдарламаға қолдау білдіру – біз үшін мақ­таныш. Алғашқы кезеңде 8 жұмысшы қатысады. Жылдың екінші жартысында бағдарлама аясын әртараптандыруды жос­парлап отырмыз. Мұндай бас­тама жұмысшыларды қолдап қана қоймайды, жастар арасында жұмысшы мәрте­бе­сін де көтереді. Жұмысшы, техникалық бағыт­тағы ма­мандарға оң көзқарас өн­дірісті дамытады, экономиканы әртараптандырады. Мен зауыт басшысы ретінде еліміз­дегі барлық кәсіпорындарды «Отбасы банкпен» бірге біз­дің бастамамызды қолдауға шақырамын», дейді Дінмұхамед Кузиев.

Біз іс-шара басында «жұл­дызды сегіздіктен» орын алғандар­дың алғаш­қысымен танысып, әңгімелестік. «БЕНТ» ЖШС-ның тех­никалық маманы Арман Жақып­бековтің осында жұмыс істегеніне биыл 20 жыл.

«Бұл мен үшін жұлдызды сәт болды. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Отбасы банктің» осы бағыттағы бағдарламасына бөлінген сертификат маған бұйырыпты. Бұл үшін банк басшыларына, «БЕНТ» ЖШС басшыларына алғыс айтамын», дейді ол.

5 баланың әкесі Арман Жақып­­­бековтің сөзінше, үйдегі кішкентайларының қуанышында шек жоқ. Олар ең бірінші Алматы тәрізді әсем қаладан өздеріне үй бұйырғанына шын қуанышты. Себебі осыған дейін отбасы біраз уақыт бойы 5 баламен жалдамалы пәтерде тұрған. Бүгінде Арман пәтеріне керек-жарағын түгелдеуге кірісіп кетіпті.

Екінші кейіпкеріміз Тимур Сануров зауытқа жоғары оқу орнын бітіре салып, бірден келген екен. Аз ғана жыл ішінде өз саласының қыр-сырын зерделеп үлгеріпті.

«Қазір менің құрдас­тарымның бірі – базарда, екіншісі – курьер болып жүр. Сөз реті келіп тұрғанда зауыт, кәсіпорындарға барып, техникалық мамандықтың қыр-сырын меңгеріңдер дегім келеді. Бұл ретте ең бастысы төзім керек. Таза еңбегімнің арқасында еленіп, жұмыс берушілер тарапынан қолдау таптым. Бұл мен сияқты жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік», дейді ол.

«Наурыз жұмыскер» ба­ғытына өтініштерді қабылдау 17 на­урыздан басталды. Бағдар­лама аясында 2 440-қа жуық жұмысшы кәсіптерінің өкілдерін қол­жетімді заемдармен қамта­масыз ету жоспарланып отыр.