• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2025

Алматылық дәрігерлер Ордабасы тұрғындарына қызмет көрсетті

68 рет
көрсетілді

Білікті, білімді, кәсібилігі ел аузында жүретін медицина мамандарының кеңесін алу оңай емес, бүгінде. Алдын ала жазыласыз, іздеп барасыз, кезек күтесіз, ақылы болса ақшасын төлейсіз. Ал медицина ғылымдарының кандидаты Марат Пашимов бастап келген «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ мамандары Түркістан облысы тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп жатыр.

Алматыдан ат арытып келген мамандар және облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері Ордабасы аудандық орталық ауруханасында науқастарды қабылдап жатыр. Мамандардың мақсаты – тұрғындарға ұйымдастырушылық-әдістемелік және консультациялық көмек көрсету. Құрамында кардиолог, кардиохирург, гепатолог, нефролог, аритмолог сынды жоғары білікті дәрігерлер мен жүректің ультрадыбыстық зерттеу маманы бар жұмыс тобының көмегіне жүгінушілер де аз емес. Мысалы, таңнан басталған қабылдау уақытының бір сағатында 50-ден астам науқас тіркеліп, 17 адам тексеруден өтті. Яғни сапалы медициналық қызметке деген сұраныс жоғары. Тұрғындарға көрсетілетін көмек тек диагностикамен шектелмей, дәрігерлер емдеу мен алдын алу шараларын түсіндіріп, жүрек-қан тамырлары, бүйрек және бауыр аурулары бойынша кеңестер беріп жатыр.

Осылайша алматылық мамандар бір жағынан науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетіп, екінші жағынан, жергілікті дәрігерлердің тәжірибе жинақтап, жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасап отыр. Алдағы уақытта мұндай шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылмақ.

Түркістан облысы