• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Үкімет 08 Сәуір, 2025

Жаңа Салық кодексі жан-жақты пысықтауды талап етеді

56 рет
көрсетілді

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясы ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмен­детуге қарсылық білдірді. Сонымен қатар депутаттар өңдеу өнеркәсібіндегі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін төмендету идеясымен келіспейтінін айтты және денсаулық сақтау саласына қосымша салық жүктемесін енгізуді қолдамайтынын жеткізді.

«Amanat» фракциясының кеңейтілген жиынында Мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясатындағы өзгерістер кәсіпкерлерге жасалған жағдай­ды нашарлатпауға тиіс деп ескерткенін айрықша атап өтті.

«Президент біздің алдымызға ашық әрі түсінікті Салық кодексін қабылдау туралы нақты мақсат қойды. Ол Әділетті Қазақстанның рәмізіне айналуға тиіс. Оны қоғам жіті бақылап отыр. Біз дұрыс шешім қабылдауымыз қажет. Салық кодексі мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы адал қарым-қатынастың жаңа кезеңіне айналуы керек», деді ол.

Сондай-ақ Е.Қошанов мемлекет бір жағынан экономика­ның дамуын қамтамасыз ететін, екінші жағынан бизнесті ынталандыратын ойын ережелерін әзірлеуі керек екенін жеткізді. Бұл ретте бюджет тапшылығы мәселесі жүйелі түрде шешілуі керек. Үкімет қазіргі шығындарды жабу үшін Ұлттық қордан үнемі қаражат алуды тоқтатуға тиіс.

Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексінің жобасына қатысты Үкімет ұстанымын жеткізді. Атап айтқанда, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету, ҚҚС базалық мөлшерлемесін 16%-ға енгізу және өңдеу өнеркәсібі үшін КТС мөлшерлемесін 10%-ға дейін төмендету ұсынылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына ҚҚС мөлшерлемесін кезең-кезеңімен енгізу, 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 128 салық жеңілдігін жою талқыланады. Бұған қоса жылына 8 500 АЕК-тен жоғары кірістер үшін ЖТС – 15% бойынша прогрессивті шкаланы енгізу және құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр. Депутаттардың пікірін­ше, Үкіметтің осы және өзге де бастамалары қоғамда көп дау туғызады. Сондықтан егжей-тегжей есептеуді және қосымша терең пысықтауды талап етеді.

«Amanat» фракциясы жаңа Салық кодексінде міндетті түрде ескерілуге тиіс 7 басым бағытты белгіледі. Ең алдымен, депутаттар Үкіметтің ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендету жөнін­дегі жоспарымен келіспейтінін айтты. Бұл қадам шағын және орта бизнеске қауіп төндіріп, «көлеңкелі экономикаға» айналуы мүмкін екенін атап өтті. Депутаттар ҚҚС шегін кем дегенде 15 млн-ға дейін екі есе арттыруды ұсынды. Бұған қажет барлық ресурс бар.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрін ҚҚС-тан босату қажет екенін атап өтті. Бұл шешім аза­маттарға нақты қолдау көр­сетеді. Бұған қоса депутаттар отандық кітап шығару, археология және анимация ісіне салынатын ҚҚС-ты алып тастауды ұсынды.

Денсаулық сақтау сала­сындағы ҚҚС-ты арттыру және қаржылық қызметтерге салық салу бойынша ұсыныстар ерекше алаңдаушылық туғызды. Депутаттардың пікірінше, мұндай шаралар баға өсіміне алып келеді және халыққа қосымша ауыртпашылық салады. Қазіргі жағдайда бұған жол беруге болмайды. Арнайы салық режіміндегі өзгерістер мәселесі де өзекті болып қала береді: фракция бөлшек салық режімін сақтау және қызмет түрлерінің «тыйым салу» тізіміне өту арқылы реттеуді жеңілдету қажет деп санайды. Сондай-ақ депутаттар арнайы салық режімінде, яғни В2В форматында жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты шешуді ұсынды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін 20%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы ұсыныс та депутаттар тарапынан көп сұрақ туындатты. Депутаттар мұндай шара бюджетті шығынға ұшырататынына назар аударды. Мәселен, бұл сома келесі жылы шамамен 94 млрд теңгені құ­райды. Сонымен қатар бұл шешім сала арасындағы бәсеке­лестікке теңсіздік орнатуы, нарық қағидатын бұзуы және салықтан құтылу үшін өндірістік секторда бизнесті тіркеудің жасанды схемалары пайда болуы мүмкін.

Өңдеу өнеркәсібінің өкілдері онсыз да айтарлықтай салықтық ынталандыруды пайдаланады, ал мөлшерлеменің төмендеуі инвес­тиция өсіміне кепілдік бермейді. Алайда бюджетке артылатын фискалдық жүктемені күшейтуі мүмкін. Осыған байланысты фракция КТС мөлшерлемесін төмендетуге жол беруге болмайды деп санайды.

Сондай-ақ депутаттар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ҚҚС бойынша 70% жеңілдік беретін салықтың қазіргі тәртібін сақтау қажет екеніне назар аударды. Олардың пікірінше, мұндай жүйе салықтан толық босатудан гөрі тиімдірек және оны сақтап қалу керек. Ал аграрлық өнім­ді экспорттаушыларға келетін болсақ, депутаттардың пікірінше, ҚҚС нақты төленген сома бойынша ғана қайтарылуға тиіс.

Платформалық жұмыс тақы­рыбы да назардан тыс қалған жоқ. Фракция осы салада жұмыс істейтін 800 мыңға жуық азамат салық шартының нашар­лап кетуінен қорғалуға тиіс еке­нін атап өтті. Олардың еңбегін заң­дас­­тыратын және құқығын қор­ғай­­тын тетіктерді қарастыру қажет.

«Amanat» партиясы фрак­циясының мүшесі, Салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев Үкіметтің жер қойнауын пайдаланушыларға арналған жеңілдіктер жөніндегі ұсынысына жеке тоқталды. Атап айтқанда, ол жанып жатқан ілеспе газға өз құнына қарай тау-кен салығын есептеуден бас тартуды ұсынды. Депутат оның орнына жаһандық тәжірибені ескере отырып, газдың әлемдік бағасына қарай салық салу қажет деп санайды. Сондай-ақ ол таусылып бара жатқан мұнай кен орындарына балама жер қойнауын пайдалану салығын, қатты пайдалы қазбаларды өңдеушілерге берілген салық жеңілдіктерін алып тастау дұрыс деп есептейді. Халық қалаулысының айтуынша, бұл шара алдын ала есептеу­лер бойынша бюджетке 1 трлн теңгеден аса қаражат алып келеді. Сондай-ақ контрабандаға қарсы күресті күшейту қажет. Талдау жұмысы көрсеткендей, заңсыз жеткізілген темекінің өзінен бюджет жылына шамамен 100 млрд теңге жоғалтады.

Депутаттар Салық кодексі жобасының өзге де даулы нормалары бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын айтты.

Отырыс соңында партия төрағасы Е.Қошанов Прези­дент тапсырмасына сәйкес Салық кодексінің жаңа жобасымен жүргізіліп жатқан жұмыс биыл бірінші жартыжылдықта аяқталуға тиіс екенін атап өтті. Уақыт өте аз, сондықтан Үкімет пен депутаттар өзара түсіністік орнатып, құжат жобасы бойынша ұсыныстарды қарастыру үшін белсенді жұмыс істеуі керек. Осы аптада Салық кодексінің жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда қарайды. Отырыста депутаттар мен қоғам Үкіметтен қойылған барлық мәселе бойынша нақты жауап күтеді.