• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Байқау 09 Сәуір, 2025

Білікті мамандар сайысы

65 рет
көрсетілді

30 наурыз бен 4 сәуір аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында атом өнеркәсібі саласындағы беделді кәсіби сайыс – «AtomSkills-2025» халықаралық чемпионаты өтті. Додаға 12 елден 2 000-нан астам маман қатысып, 44 кәсіби бағытта бақ сынасты.

Чемпионатқа ел атынан «Қазатом­өнеркәсіптің» қызметкерлерінен құ­ралған «Самұрық-Қазына» АҚ порт­фельдік компаниясының командасы қатысып, 7 негізгі бағыт бойынша жүлделі орындарды иеленді. Отан­дық мамандар стратегиялық маңы­зы зор электроника, электр монтаж­дау, дәнекерлеу технологиялары, ана­литикалық бақылау, еңбек қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау мен арнайы техниканы басқару сияқты бағыттарда жүйріктігін дәлелдеді.

Жарыс қорытындысында қор командасы 7 медаль иеленді. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысушыларға алғыс біл­діріп, жеңімпаздар мен олардың тәлім­герлерін марапаттады.

«Қазатомөнеркәсіп» командасы атом саласындағы маңызды 7 бағытта жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылында бұл жетістіктің маңызы зор. Сіздердің кәсіби дағдыларыңыз бен еңбектеріңіз осындай маңызды саланың дамуына үлес қосатыны сөзсіз», деді қор басшысы.

Сайыста қоршаған ортаны қорғау бағытында «Семізбай-U» компа­ниясының қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік жөнін­дегі инженері Құралай Қожагелдинова (тәлімгері – «Қазатомөнеркәсіп» ұйы­мының бас маманы Самат Қайрамбаев), еңбекті қорғау бағытында «Инкай» ком­паниясының қызметкері Руслан Абдрайымов (тәлімгері – «Қазатом­өнеркәсіп» ұйымының бас маманы Арман Даутпаев) 1-орынды иеленді. Электроника бойынша «Оңтүстік тау-химиялық компаниясының» сле­сарі Асылхан Тілеубай (тәлімгері – «Орталық өндіруші кәсіпорнының» инженері Сергей Рыков), электр монтаждау бойынша «Үлбі металлур­гия зауытының» электр монтері Сергей Токарев (тәлімгері – «Қызылқұм» ұйымының бас менеджері Бақыт Сар­таев) 2-орын алды.

Аналитикалық бақылау бағытында «Инкай» ұйымының маманы Райымбек Қожамқұлов (тәлімгері – «Қазато­мөнер­кәсіп» ұйымының бас менеджері Жадыра Құрманаева), дәнекерлеу жұмыстарынан «Қазатом­өнеркәсіп-SaUran» ұйымының электр және газ дәнекерлеушісі Бере­кет Батырбаев (тәлімгері – «Қазатом­өнеркәсіп-SaUran» қызметкері Байғали Кәренов), арнайы техниканы басқаруға «KAP Logistics» жүргізушісі Жасұлан Жарылқасынов (тәлімгері – «KAP Logistics» жүргізушісі Эльдар Махмұтов) 3-орынды еншіледі.

Тәжірибелі тәлімгерлер тек техни­калық машықты үйретіп қана қой­май, сайыстың жауапты сәттерінде қаты­сушылардың рухын көтеріп, қолдау көрсетті. Команданы жарысқа «Қазатомөнеркәсіптің» бас менеджері Ерзатхан Абылайханов бастап барды.