• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Сәуір, 2025

Диалогті дамыту маңызды

63 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Тимоти Муса Каббамен кездесті.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Сьерра-Леоне арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері ортақ құндылықтар мен мүддеге негізделген өзара сындарлы диалог қалыптасқанын атап өтті. Сұхбат кезінде парла­ментаралық ынтымақтастық, оның ішінде достық топтарының өзара іс-қимылы екіжақты байланысты одан әрі нығайтудың маңызды тетігі екені айтылды.

«Парламентаралық диалог елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Африка елдерімен, оның ішінде Сьерра-Леонемен ынтымақтастық­ты нығайту мақсатымен Сенат­та достық тобын құрдық. Екіжақты өзара іс-қимылды арттыру жолында достық топ­тарының әлеуетін тиімді пайдалануға зор мүмкіндік бар. Біз алдағы уақытта ел­деріміздің парламенттері ара­сындағы ынтымақтастықты жүйелі жолға қойып, дамытуға дайын­быз», деп палата спикері Сьерра-Леоне еліне БҰҰ Бас Ассамблеясының «Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы» туралы қарарын бірлесіп жазғаны үшін ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Сьерра-Леоне арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына назар аударып, сауда-эконо­микалық байланыстардың әлеуетін толық пайдалану мәселесін талқылады. Осы орайда Орта дәліз ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктері туралы сөз болды.

Сұхбат кезінде тау-кен өндірісі, пайдалы қазбаларды өндіру, білім беру, ауыл шаруа­шылығы, ақпараттық технологиялар және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне де мән берілді.

Одан бөлек, 17-18 қыр­күйек­те Астанада өтетін «Дін­дер диалогі: болашақ жолын­дағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшыларының VIII съезі және рухани диплома­тия мәселелері әңгімеге арқау болды.