• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Ғылым 11 Сәуір, 2025

Отандық зерттеулер олжасы

41 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газеті отандық ғалымдарымыздың ізденістерін, ашқан жаңалықтарын ұдайы насихаттап келеді. Өйткені адам­зат­тың кез келген қажеттілігін, өмір сүру жағдайын жақсар­ту­ға негіз болатын технология десек, технологияны тудыратыны – түптеп кел­ген­де ізденіс. Ал еліміздегі әр салада түйіні тарқатылмай келе жат­­қан түйткілдің шешімін ұсынып, сол арқылы мемлекеттік, эконо­микалық, әлеуметтік, ғылыми әлеуетті арттыру жолында еңбек етіп жүрген жандардың жаңалығы жетерлік.

Аккумуляторды зарядтаудың жаңа тәсілі

Ғылым қорының қолдауымен вана­дий­лік ағынды аккумуляторларға ар­налған аралас ванадий оксидтерін алу технологиясы әзірленіп жатыр. Құрғақ ванадий электролиті аккумуляторларды зарядтау мәселесін ше­шеді. Жаңа материал электролитті тіке­лей қолдану орнында дайындауға мүм­кіндік береді, сондай-ақ сұйық ері­тін­­ділерді тасымалдау қажеттілігін жояды.

«Фирма Балауса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғылыми-ком­мер­циялық компаниясы 2043 жылға дейін Қызылорда облысындағы «Бала Сауысқандық» кен орнын игеру құқығына ие. Бұл бірегей кен орны кенді қайта өңдеу шығынын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Компания қазіргі уақытта аммоний метаванадатын шығарады және ванадий пентоксидін өндіру қуатын жылына 22,4 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Өз шикізаты мен озық техноло­гия­ларының көмегімен еліміз бәсе­ке­ге қабілетті ванадий аккумуляторын өндіруді жолға қоя алады. Ком­пания VRB және Invinity сынды әлемдік жетекші өндірушілермен ынтымақтасып, жасыл энергетика мен микрогридтерге арналған аккумуляторды жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл энергия шығындарын азайтады әрі энергиямен жабдықтауды тұрақтандырады.

2020 жылы батарея­лардағы, соның ішінде ванадийлі тотығу-қал­пына келу акку­муля­тор­ларындағы (VRFB) ванадийге деген әлемдік сұраныс 2 638 тоннаны құрады. Жоспар бо­йынша жаңартылатын энергетиканың дамуы, электр энергиясын сақтау жүйелеріне деген қажеттіліктің артуына байланыс­ты бұл аккумуляторларға сұраныс жыл сайын 30%-ға өседі. Негізгі артықшылық – ауқымдылық пен ұзақ қызмет ету мерзімі.

Жоба ванадийдің аралас оксид­­те­рін өндіруді іске қосу, алғаш­қы сынақ партиясын шығару, өндірістік техно­логиялық регламентін әзірлеу міндеттерін қамтиды. Жоба жетек­ші­лерінің айтуынша, мемлекет қолдауының нәтижесінде еліміз жо­ғары технологиялық өндіріс пен бола­шақтың энергетикалық шешім­де­рін дамыту бағытында маңызды қадам жасап жатыр.

 

Микроэлектроника материалын әзірледі

NU ғалымдары көпфункциялы, үш өлшемді полимерлерді синтез­деу­дің инновациялық әдісін тапты. Зерт­теушілер енді әртүрлі кеуекті ком­позитті материалдарды шығара алады. Сонымен қатар бұл жоғары тиімді энергия сақтау құрылғыларын, сенсорларды, басқа да озық технологияларды жасау үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр.

Топ жетекшісі, профессор Нұршат Нұражы: «Алынған жаңа материал миниатюралық және тиімді энергия сақтау құрылғыларын құруға жол ашады. Микроэнергияны сақтау құрыл­­ғы­ларының дамуы киілетін электро­никаның болашағы үшін өте маңызды. Біздің полимерлер дәстүрлі материал­дардан асып түседі және шағын энер­гияны сақтау қол­­дан­­ба­ларына ауқымды, үнемді шешім ұсы­нады. Бұл елімізде өндірілуі де мүмкін», деді.

Жаңа материалды смарт білезік­тер, биосенсорлар, икемділік пен де­­фор­мацияға төзімділікті қажет ете­тін басқа да құрылғылар сияқты киі­летін гаджеттерде қолдануға болады. Бұл өзінің қасиеттерін жоғалтпай иілу­ге, бұралуға төтеп береді. Жаңа, ультра икемді өткізгіш полимерлер «ақылды»  білезіктерден медициналық сенсорларға дейін шағын электронды құрылғылардың жұмысын жақсарта алады.

Зерттеуші Гүлдана Жігербаева өздері ойлап тапқан материалдың қа­сиеттерін атап өтті. «Материалдық инженер ретінде мен ақылды ма­териал­дарды, яғни болашақтың мате­риал­­дарын өндірудің масштабталатын әдістерін әзірлеуге тырысамын. Жаңа технологияның басты артықшылығы – оның әмбебаптығы мен қарапайымдылығы. Кеуекті поли­мерлерді синтездеудің қолда­ныстағы әдістерінен айыр­машылығы – тәсілдің қосымша әдістерді, айқастырғыш агенттерді немесе диэлектриктерді қолдануды қажет етпейтінінде. Бұл үдерісті айтарлықтай жеңілдетеді, оның құнын төмендетеді. Біз әзірле­мелерімізді қазірдің өзінде икемді энергия сақтау құрылғыларын, газ датчиктерін және сутегі өндіру жүйе­ле­рін жасау кезінде қолданып отырмыз. Осылайша, платформаның тиім­ділігі дәлелденді. Синтездің ауқым­­дылығы материал­дарды өн­ді­ріс­­те қолдануға жол ашады», деді ол.

Отандық ғалымдар тобының полимерлік нанокомпозиттер сала­сын­дағы зерттеулері болашақтың тиімді, икемді энергия сақтау құрыл­ғылары мен материалдарын құру жолындағы маңызды қадам болып тұр. Қазір ғалымдар жаңа синтездеу жолын басқа композиттік полимерлер жасау үшін пайдаланып жүр. Бұл полимерлер сутегі өндірісінде, суды тазартуда, сезімтал сенсорларды жасауда, жаңартылатын энер­гия мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа жобаларда қолданылады. Жұмыстың нәтижелері «Nature Portfolio» құра­мы­на кіретін «Scientific Reports» беделді ғылыми журналында жарияланды.

«AQUA DRESS» таңғыштары:

I-III дәрежелі күйіктер кезінде алғашқы көмек көрсетуге; шағын жаралар мен ойық жараларда (1 дм² дейін), сондай-ақ теріні транс­плантациялауға дайындау кезін­де; жараларды жарақаттанудан, кебуден және инфекциядан қорғауға; пилинг, лазерлік тегістеу, дермабразия және пластикалық операция­лардан кейін емделуді жеделдетуге; жұмсақ тіндер жоғалған жаралары үшін; тері ауруларында қабынуды азайтуға (таңғышты ауыстыру – көр­сет­кіш­терге сәйкес әр 24-48 сағат са­йын) қолданылады.

Осы жоба еліміздің денсаулық сақ­тау жүйесі үшін тиімді меди­­ци­налық өнімдердің қолжетімділігін арттырып, отандық заманауи медициналық бұйымдар өндірісінің дамуына ықпал етеді.

  

Медициналық таңғыш өндіріліп жатыр

Ғылым қорының қолдауымен елімізде медициналық гидрогель таңғыштарының жаңа өндірісі басталды. Ғалымдар мен жоғары деңгейдегі инженер-сарапшылардан құралған отандық мамандар тобы Ғылым қорының қолдауымен Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтының базасында медициналық мақсатқа арналған гидрогельді таңғыштарды сериялық өндіру учаскесін құру жобасын жүзеге асырып жатыр.

Бұл жобаның мақсаты – ГОСТ ISO 13485 заманауи стандартының талаптарына сай келетін өндіріс учаскесін құ­ру, сондай-ақ өнім түрлері мен көлемін арттыру.

 

Белгілі өсімдіктің белгісіз қасиеті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Ерғазы Шыбырай Орталық Азияда алғаш рет екпе шиырмақ, кей жерде егістік шытырмақ (кресс салат) деп аталатын орам­жапырақ тұқымдасының (ғылы­ми атауы – Lepidium sativum) фито­химиялық құрамы және фарма­ко­ло­гиялық белсенділігін толық зерттеді. Зерттеушінің мұндағы мақ­саты өсімдіктің фитохимиялық және фармакологиялық белсенділігін анық­тау болды. Нәтижесінде, ол 17 жаңа және 28 белгілі биобелсенді қосылысты анықтады. ҚазҰУ ғалымының айтуынша, өсімдіктен алынған табиғи өнімді қатерлі ісікке, диабетке және қабынуға қарсы қолдануға болады.

Бұл өсімдікті күнделікті өмірде негізінен салатқа қосады. Ғылым ж­әне жоғары білім министрлігінің тарат­қан ақпаратына сүйенсек, бүгін­ге дейін­ екпе шиырмақ функционалды тағам ретіне пайдаланылады, яғни қант диабеті мен жоғары қан қы­сымын реттеуде, тыныс алу жолдарын жақсартуда, тері, жөтелді жә­не асқазан-ішек ауруларын емдеу­де Қытай, Үндістан, Еуропа, АҚШ, Африканың халық медицинасында кеңінен қолданылып келеді. Халықтық медицинада қолданылу тарихы бай болғанымен, өсімдіктің фитохимиялық және фармакологиялық әлеуеті бо­йынша толық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.

Қазіргі таңда ҚазҰУ базасындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкер Е.Шыбырай зерттеу нәтижесі туралы: «Lepidium sativum өсімдігінен таби­ғатта өте сирек кездесетін екі кемпферол, сегіз глюкозинолат және төрт синапат эфирінің глюкозинолаттары бөліп алынды. Қазіргі таңда қатерлі ісікке және диабетке қарсы белсенділігі бойынша халықаралық патент алынды. «Web of Science» және «Scopus» дерекқорына кіретін жоғары деңгейдегі журналда үш ғылыми мақала жарияланды. Фармацевтика саласын отандық шикізат есебінен дамытуға өз үлесімді қосып келемін», деп пікір білдірді.