• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Алматы 11 Сәуір, 2025

Алматыда қоқыс өңдеу зауыты салынады

40 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Shanghai SUS Environment Co., Ltd. компаниялар тобының президенті – басқарма төрағасы Лун Цзишэнмен былтыр қарашада Қытайға жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағда­лас­тықтар шеңберіндегі ынтымақтастық мәсе­лелерін талқылады.

Алматы қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға назар аударылды.

Кездесуге қатысушылар елімізде қалдықтарды электр энергиясына айнал­дыруға бағытталған Waste-to-Energy технологиясын енгізудің келешегін талқылады. Shanghai SUS Environment Co., Ltd. басқарма төрағасы Лун Цзишэн Алматыдағы тәулігіне 2 мың тоннаға жуық қалдықты қайта өңдейтін және 60 МВт-ға дейін электр энергиясын өндіретін қоқыс өңдеу зауытының жобасын таныстырды. Тікелей инвестиция көлемі 270 млн долларды құрайды.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, аталған зауыттың іске қосылуы мегаполистің қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жа­ра­туға деген қажеттілігін өтеп, 2029 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 80%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Лун Цзишэн компанияның қалдық­тарды энергия көзіне айналдыру саласында ҚХР-да көшбасшы екенін, оның қытай нарығындағы үлесі қазірдің өзінде 40%-ды құрап отырғанын айтты. Сонымен қатар компания бірқатар елде қайта өңдеу және экологиялық өнеркәсіптік парктер бағытында 84 жобаны жүзеге асырды. Қолданылатын технологиялар экологиялық қауіпсіздіктің әлемдік ең жоғары стандарттарына сәйкес келеді.

Премьер-министр халық саны мен қажеттіліктердің өсуі жағдайында экология мәселелерін шешудің маңыз­дылығын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көлемін 38%-ға жеткізу мін­детін қойды. Жыл сайын елі­мізде 4,5 млн тоннадан астам ком­муналдық қалдық түзіледі. Сондықтан қоқыс өңдеу зауытын салу – қажетті жоба.

Электр энергиясын өнді­ру арқылы қалдықтарды эколо­гиялық кәдеге жарату қайта өңдеуді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Үкімет аталған жобаны мақұл­дап, қажетті қолдау көрсетуге дайын. Біз байыпты инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделіміз», деп атап өтті О.Бектенов.

Салалық министрліктер мен Алматы қаласының әкім­дігіне екі апта мерзімінде зауыт құрылысын осы жылдың маусым айында бастау үшін Инвестициялар тура­лы келісім­нің жобасын дайындауды қам­тамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар кездесу барысында кадр даярлау мәселесі де сөз болды. Жоба аясында 500 жұмыс орны, оның ішінде  100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Лун Цзишэн жергілікті мамандар жұмысқа басым тәртіппен тартылатынын атап өтті.