• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Сәуір, 2025

Мәслихат институты қозғаушы күшке айналуы керек

0 рет
көрсетілді

Астанада өткен Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы консультативтік-кеңесші органның Парламент пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды әрі тиімді тетігіне айналғанын тағы да айқындады. Осы отырыстың «Агроөнеркәсіптік кешенді, ауылдық аумақтарды дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері» туралы секция­сында бірқатар өзекті мәселе қамтылды.

Сенат жанындағы кеңестің құрылғанына биыл – 17 жыл. Биылғы отырыста секциялық және пленарлық сессиялар кезінде Парламент пен мәслихат депутаттары, Үкімет мүшелері, сарапшылар Мемлекет басшысының Мәслихат депутаттарының II республикалық форумында және Ұлттық құрылтайдың IV отырысында белгілеп берген міндеттерді іске асыру барысын талқылады. Сенаторлар мен мәслихат депутат­тарының өзара іс-қимылын одан әрі жандандыру, жергілікті өкіл­ді органдар қызметінің өзекті мәсе­лелерін шешу және өңірлердің дамуына ықпал етудің маңызы айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Мәсли­хат депутаттарының екінші респуб­ликалық форумында жергілікті өкілді органдардың алдағы міндет­терін айқындады. Жергілікті жердегі жағдайды жете білетін саяси институт, яғни мәслихаттың абыройы жоғарылап, беделі биіктей түсті. Және бұл үрдіс жалғасын тауып, жылдан-жылға мәслихат депутаттарына жүктелер міндет те ауырлай түсетіні анық. Бір анық нәрсе, алдағы уақытта да ел дамуына серпін беру бағытында мәслихат депутаттары өңірдің экономикалық саясатын күшейтуге серпін беруге тиіс. Кеңестің кеңейтілген отырысында бұл мәселе де қамтылды.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Демек бұл саладағы қадау-қадау түйткілді мәселелерді шешуде мәслихат депутаттарының тигізер көмегі зор. Өңірлерге бөлінген мемлекет қаржысының талан-таражға, тонауға түспей тиімді жолмен жоспарлы жұмсалуын да қадағалайтын – мәслихат депутаттары. Мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруда, саяси институттарды дамыту ісіне де мәслихат депутаттарының қосар үлесі зор.

Мұндай кеңес не үшін керек? Ең алдымен, өзекті мәселелер бойынша тиімді шешімдер мен нақты ұсыныстар әзірлеу үшін мәслихаттар мен Парламент ара­сын­дағы ынтымақтастықты нығай­ту үшін керек. Елдегі саяси тұ­рақ­тылық пен басқару инсти­тутының жүйесін тиімді жолмен жандандыруда жергілікті орган – мәслихаттардың қызметін күшейту маңызды. Президенттің ұсынған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» үштағанының аясындағы реформалардың жүзеге асуына да елеулі үлес қосып келеді. Енді мәслихат деген ұғымның ауқымы да кеңейе түседі. Бұған дейін тек өкілетті орган ретінде айқындал­ған саяси институт мемлекеттің ұста­нымын жүзеге асыру жолында қоғам мен билік ортасында алтын көпір орнатып, кері байланысты да қамтамасыз етуге тиіс.

2022 жылы болған конституция­лық реформаның жемісі деп мәс­лихаттардың дербестігін арттыруға негізделген өзгерісті айтуға болады. Реформаның нәтижесінде мәслихаттар жергілікті жерде­гі мәселелерді шешуде өкілет­тілігі кеңейіп, тиісінше жауап­кер­шілігі де жоғарылады. Өңір­лердің инвестициялық ахуалын жақ­сартып, әлеуметтік сая­сат өрісіне қан жүгірту, бюджет қара­жатын тиімді жұмсауды қадаға­лау мәслихаттардың қыра­ғы ба­қы­лауында болуы керек. Мемле­кет­тік органдар қызметінің ашық болуын қамтамасыз етіп, ауыл­дық аумақтарды дамытудағы ілкімді істер мәслихаттардың стра­те­гиялық саясатын күшейте түседі. Сенат жанынан құрылған Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмысы жанданса, Парламенттің өңірлермен қарым-қатынасы, байланысы беки түседі. Сенаттағы «Өңір» депу­таттық тобының жұмысы аймақ­тағы мәселелерді оңтайлы шешуде де мәслихаттардың қосар үлесі зор.

Жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда, мектеп, аурухана, емхана, балабақша сын­ды әлеуметтік нысандардың уақытында салынып елдің игілігіне берілуін мәслихат депутаттары қадағалап, тиісті бақылауын жүргізуі керек. Жыры бітпейтін жол мәселесін де оңтайлы шешіп, тұрғындарды титықтатқан түйт­кіл­дің түйінін тарқатуда да мәс­лихаттар белсенді болуға тиіс.

Президент тапсырмасымен елімізде әкімдерді жергілікті жұрт­шылықтың сайлау арқылы тағайындау қарқынды жүргізіліп келеді. 2021 жылы енгізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі арқылы бүгінде 2,5 мыңға жуық әкім тікелей сайлау жүйесі арқы­лы тағайындалды. Жергілікті тұр­ғын­дар өздері дауыс беріп, көңілі қа­лаған кандидатқа сенім артты. Ендігі жерде әкімдердің де құзыретін кеңейтіп, жергілікті мәслихаттардың да ауқымын ұлғайтып, саяси салмағын арттыру абзал. Әкімдерді сайлау арқылы тағайындау ісіндегі бір ілкімділік – бұрын-соңды мемлекеттік қызметте істемеген азаматтар да ел басқару ісіне араласты. Бизнесте жүрген, басқа салада да жемісті еңбек етіп келе жатқан азаматтар да атқа қонып, әкімдік лауазымды атқаруға кірісті. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамның бірі деп осы сайлау жүйесін айтуға болады. Алдағы уақытта мәслихат институты тек жергілікті жердегі басқару құрылымы ғана емес, қоғамдық дамудың да қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Мемлекеттің нығаюына үлес қосатын маңызды қадамның бірі – мәслихаттардың әлеуетін арттыру.

 

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

Сенат депутаты