2006 жылы Германияның Мюнстер қаласындағы Аазее атты су қоймасында таңқаларлық оқиға болды. «Музей фактов» сайтының мәліметінше, мұнда мекендейтін Петра есімді қара аққу өз түріндегі аталыққа емес, аққу пішінінде жасалған ақ катамаранға ғашық болыпты.
Катамаран туристерді серуендетуге арналған қарапайым су көлігі болатын. Алайда ол сырт көзге аққуға ұқсас етіп жасалғандықтан, Петра оны тірі деп қабылдаған. Бір қызығы, қара аққу катамаранның қасынан бір елі алыстамаған. Мейлі жүзіп жүргенде де, мейлі жағада тұрған сәтте де. Тіпті катамаранға жақындамақ болған адамдарға ызаланып, оларды қуып тастауға тырысқан екен.
Қыс түскен кезде су қоймасы қатып қалғандықтан, жергілікті билік Петра мен катамаранды Мюнстер зообағына ауыстырыпты. Ондағы мамандар Петраны басқа аққулармен таныстырып, жұптастыруға тырысқанымен қара аққу олардың ешбіріне назар аудармаған.
Келер жылы қос «ғашық» қайтадан өзенге оралады. Бірақ кейіннен ол көзден таса болып кетеді. Орнитологтар оны ұзақ іздеп, әбден әбігерге түседі. Тек 2013 жылы Петра өте әлсіреген күйде табылып, зообақта ем алып, күтімге алынды. Бұл жолы сәттілік серік болып, оған тірі аққулар арасынан жұп табылады. Енді оның махаббат жолындағы ауыр да қызыққа толы хикаясы жұртқа ертегідей естілетін болды.
Әдетте қос ғашыққа аққудың махаббатын тілеп жатамыз. Мінекей, олардың арасында осындай да махаббат болады екен...