• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Құқық 16 Сәуір, 2025

Адам құқын қорғауға үйретеді

0 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері Қостанайда «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» атты семинар-тренинг өткізді.

Іс-шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы Астана­дағы бағдарламалар кеңсесі­нің, облыс әкімдігінің өкіл­дері, жергілікті құқық қорғау және сот орындарының ма­ман­дары, салалық басқар­малардың басшылары мен қыз­меткерлері, сондай-ақ адво­катура институтының, азаматтық қоғам және жас­тар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиында өңір тұрғын­дары­ның құқықтық сауаты қай деңгейде, әділдік іздеген адам құзырлы органдардан тыс тағы қандай тәуелсіз немесе халықаралық ұйымдарға жүгіне алады, еңбек қатына­сында кездесетін дау-дамайды қалай шешуге болады, зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе адам саудасына түскен азамат қайдан көмек сұрай алады деген сыңайлы сан саланы қамтыған өзекті мәселелер талқыланды.

Басқосу барысында адам құқын қорғаудың ұлт­тық және халықаралық жү­йесі зерделенді. Адам құ­қы жөніндегі ұлттық мекемелер­дің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемле­кет­тік органдармен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірде Мем­лекет басшысының бастама­сымен қолға алынған «Заң мен тәр­тіп» қағидаты аясындағы басым міндеттер жүйелі іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Арман Тарғынұлы­ның айтуынша, облыста адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты тұрақты жұмыс істейді. Мұның сыртында құқық қорғау ұйымдары да аса белсенді.

«Өткен аптада ғана үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдері дөңгелек үстел өткізді. Онда азаматтардың құ­қын қорғаудың өзекті мәселелері және оны шешудің тиімді жолдары талқыланды. Жалпы, аталған мәселе мүмкін­дігі шектеулі адамдардың, балалардың, әйелдердің, мигранттардың құқын қор­ғау сияқты кең ауқымды бағыттарды қамти­ды. Облыс әкімдігі жанынан Кәмелетке толмағандар комиссиясы, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялар, әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссия жұмыс істейді», деді әкім орынбасары.

Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күреске және оның алдын алу­ға ерекше мән берілген. Мәсе­лен, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар он шақты жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көр­сететін жобаларды іске асырып келеді. Аталған жобаларға былтыр облыс бюджетінен 149 млн теңге бөлінген.

«Облыстың бес өңірін­де психологиялық және медици­налық көмек көрсететін, жаңа кәсіптер мен кәсіби дағды­ларға бейімдейтін, сондай-ақ экономикалық, заңгер­лік және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелер бар. Жалпы, Қоста­най облысының аумағын­дағы әрбір мемлекеттік орган азаматтардың құқын қамтамасыз етуге мүдделі», деді А.Әбенов.

Семинарда Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын өзге де адамдардың азаматтық, ең­бек, әлеуметтік-экономикалық және мәде­ни құқықтарын қорғау­дың өзекті мәселелері қаралды. Тың­даушылар аза­маттардың өз құқықтарын сотта және соттан тыс қорғау, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен еркін болу, білікті заң көмегін алу кон­ституциялық құқын іске асыру тетіктерімен танысты.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев­­тің айтуынша, адамның және азаматтардың құқы мен бостандығын бір­неше тар­маққа бөліп қарас­тыру­ға болады. Олар – азаматтық құқық, саяси құқық, эко­­но­микалық құқық, әлеу­меттік және мә­дени құқык, соңғысы ұжымдық құқық.

«Семинардың негізгі көз­дегені – Қостанай облысының тұрғындарына құқы мен бостандығын және міндет­терін түсіндіру. Бізде еңбек қатынасына қатысты дау-дамайлар, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері кез­де­седі. Әйелдер мен мүгедек­тер­дің мәселесі де өзекті. Бүгінгі семинарда осы мәселелер­мен қатар, балалар құқын қорғау тетіктерін жетілдіру туралы айтылды. Қандайда бір адамның құқы тапталып, қорғалмаған жағдайда, айталық, Жоғарғы соттың немесе Бас прокуратураның жауабын алып, көңіліңіз толмаса, әрі қарай не істейсіз? Ол адам енді қандай механизммен жұмыс істеуі керек деген кезде, азамат БҰҰ-ның алты келісімшарттық органдарына арыз-шағым түсіре алады. Оның да өз тәртібі бар. Осы жиында барлығын ашып айтып, үйреттік. Бұл халықара­лық механизм болып сана­лады. Жалпы алғанда, еліміз­дің әрбір азаматы өз мінде­тін білуі керек. Құқы мен бостандығын заңды жолмен қорғай алуы қажет», дейді Т.Әбішев.

Жиында Адам құқықтары жөніндегі комиссия өкіл­дері елімізде азаматтарды ала­ламай, барлық санаттағы адамдардың құқын қорғауға ерекше мән берілетінін айт­­ты. Мысалы, әйелдер, балалар, қарт­тар, қандастар, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, еңбек мигранттары, елімізге сырттан пана іздеп келген адамдар, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің құрбаны болған адамдардың бәрін бірдей мемлекет өз қорғауына алады.

Комиссия өңір тұрғын­дарын, оның ішінде жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің білімін жетілдіруге ниет етіп отыр. Сонымен қатар қарапайым тұрғындарға адам құқы мен қоғам, мемлекет алдындағы азаматтық міндет деген тең ұғымдардың қатар жүре­­ті­нін түсіндіреді. Ал адам құ­қын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетігін үйретумен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесі айналысады.

«Негізгі құқық пен бос­тандықты қорғау және оны ілгерілету саласында Пре­зидент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссия­мен тығыз жұмыс істеп келеміз. Бүгін Қостанайға арнайы мамандарымызды алып келдік. Олар – сан салада адам құқын қорғап жүрген кәсіби мамандар, өз тәжірибелерімен бөліседі. Біздің жұмысымызда халық­тың осал топтарына, яғни әйел­дерге, балаларға, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға ерекше көңіл бөлі­неді. Бұл топтар ерекше қор­ғауды қажет етеді», дей­ді жоғарыда аталған кеңсе бас­шысының міндетін атқарушы Юрий Фенопетов.

Адам құқықтары жөніндегі комиссия 16 сәуірде Әулиекөл ауданында, 17 сәуірде Рудный қаласында адам құқын қор­ғау жөніндегі оқу-семинарын өткізеді.

 

Қостанай облысы