Ардақты анасы Ханша науқастанып қалғанда үнемі қасынан табылатын кенжесі Болатхан жанын қоярға жер таппайтын. Ұл-қыздарын қатарынан кем қылмай өсірген көпбалалы ананың денсаулығы сыр беріп, дәрігердің көмегіне жиі жүгінетін. Мамандық таңдауына ең жақын адамының ауырған күндеріндегі балалық жанашырлық көңіл күйі де себеп болса керек.
Мектепті үздік бітірген, түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадаларда топ жарған Болатхан Алматыдағы мемлекеттік медициналық институттың студенті атанды. Кенжесінің дәрігерлікті таңдап, жоғары оқу орнына түскеніне, әсіресе, барға шүкіршілік етіп, қиындыққа мойымай ұл-қыздың барлығын еңбекқорлыққа, адалдыққа баулыған Ханша ана ерекше қуанған еді. Жылқы малының тілін білген, 77 жасқа дейін көкпар тартқан әкесі Салыбек өз өмірімен өнеге болып, ісімен үлгі көрсете жүріп адал еңбектің наны тәтті болатынын санасына сіңірді. Әкесін өмірлік ұстазы санайтын, Қазығұрттың баурайындағы ауылда өскен, Болатхан жоғары оқу орнында орыс тіліне төселген қала баласынан қалыспады. Алдына келген адамға түсіністікпен қарап, риясыз көмек беретін, денені ғана емес, жанды да емдейтін дәрігер болуды мақсат еткен Болатхан Салыбекұлы – бүгінде өңір тұрғындарының алғысына бөленген өз ісінің білікті маманы, денсаулық саласының майталманы, ұйымдастыру қабілеті жоғары іскер басшы. Басқару ісінде Алматы экономикалық университетін қаржы және несие мамандығы бойынша бітіріп, экономист біліктілігін алуы да оң септігін тигізіп келеді.
Еңбек жолында Бөген аудандық медицина бірлестігінде хирург-дәрігер, бөлім меңгерушісі, Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасының бас дәрігері, облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, Оңтүстік туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері сынды жауапты қызметтерді абыройлы атқарған Болатхан Сағымбеков алғаш рет операцияға кірген сәтін ұмытпайды.
«Жеті жыл бойы теориялық білім алып, Алматыда облыстық ауруханада алғаш рет операция жасауға қатысқан сол бір күн есімде. Өйткені жауапты сәтте қарапайым мейірбикенің өз міндетін адал да аса ұқыптылықпен атқарғанына куә болдым. Мен де операцияның қалай, қандай аспаптармен жасалатынын, не қолданылатынын біліп тұрмын, бірақ мейірбикенің жұмысына тәнті болдым. Бұл мүмкін практикалық тұрғыда алғаш алған сабақ ретінде де есте сақталып қалған болар. Енді бірде аудандық ауруханада еңбек етіп жүргенімде алдыма келген науқас балаға дәл диагноз қоюға фельдшердің кеңесі ықпал етті. Яғни теориялық білім мен тәжірибені ұштастыру маңызды екеніне көз жеткіздім. Дәрігер медицина ғылымы мен тәжірибесі әлемінде болып жатқан барлық жаңалық туралы біліп, басқа мамандармен тәжірибе алмасып тұруы керек. Ибн Сина: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген. Осындай игі қасиеттер бойынан табылатын дәрігер ғана халықтың сүйіктісіне айналмақ», дейді Б.Салыбекұлы.
«Ордабасы аудандық орталық ауруханасы» МКК-нің басшысы Болатхан Сағымбеков мемлекеттік, қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген елеулі еңбегі үшін «Құрмет» орденін иеленді. Кәсібіне адалдығы мен жоғары жауапкершілігі әріптестеріне ғана емес, бүкіл аудан тұрғындарына үлгі. Медицина ғылымдарының кандидаты, Президенттің Алғыс хаты, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері атануы да көп жайтты аңғартады. Әріптестері оны достыққа берік, жалғандыққа жаны қас, көпшіл азамат ретінде де құрметтейді. Әдеби кітаптарды көп оқитынын, ұлы адамдардың өмір жолы жөнінде әңгімелейтін болса, қаламгерлердің өзі жаңа деректерге қарық болып қалатынын айтады.
Болатхан Салыбекұлы басқарып отырған аудандық орталық аурухана биыл заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталды. Атап айтқанда, магниттік-резонанстық томография, стационарлық ангиография құралдарымен толықты. Заманауи үлгідегі аппараттар диагностикалық зерттеу барысында дәрігерлерге нақты ақпарат беру арқылы олардың жұмысын жеңілдетіп, диагнозды анықтауға көмектеседі. Магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына жүйке жүйесі аурулары, тірек-қимыл аппараттары, тағы бірқатар ішкі құрылыс ауруларын диагностикалауда қолданылып жатыр. Бүгінде озық үлгідегі жабдықтардың көмегімен науқастарға шұғыл, жоспарлы түрде жасалып жатқан кардиологиялық, неврологиялық, хирургиялық операциялар сәтті аяқталып келеді. Тұрғындар аудан деңгейінде тиісті медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ жасыл желекке оранған, қызылды-жасылды гүлдермен көмкерілген, санаңа ақыл құяр нақыл сөздер ілінген аурухана ауласына көпшілік риза. Бұл көрініс ауруы жанына батқан науқастардың көңіліне жұбаныш, сезіміне қуаныш сыйлайды. Аурухана ұжымының ынтымағы, бірлігі, тәртібі өз істеріне жауапкершілігі де жұртты сүйсіндіреді.
Түркістан облысы