Кеше Астанада еліміздің және алыс-жақын шет мемлекеттердің медиа саласы мамандарының басын қосқан Орталық Азия IІ медиафорумы басталды.
Аймаққа ортақ телеарна құрылады
«Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Орталық Азия. Стратегиялық даму құралы ретіндегі медиа» атты жиынға 700-ден аса журналист, медиа ұйымы жетекшілері, саясаткерлер мен беделді сарапшылар қатысып, цифрлық кеңістіктегі ынтымақтастық, жалған ақпаратқа қарсы күрес, климаттың өзгеруі, геосаяси тұрақсыздық сынды өзекті жаһандық сын-қатерлерді талқыға салды.
Форумның шымылдығын Орталық Азия елдері ақпарат министрлерінің жұмыс кездесуі ашты. Оған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан салалық ведомстволарының басшылары мен өңірдің негізгі медиа құрылымдарының жетекшілері қатысты.
Алқалы жиынның ашылу рәсімінде сөз алған министр А.Балаева форумның ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң екенін атап өтіп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бастамасы арқасында бірлескен медиажобалар жасау мен гуманитарлық байланыстарды нығайту жұмыстары жандана түскенін айтты. Орталық Азия қазіргі уақытта Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір әрі транзиттік хаб болумен қатар зор инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуеті бар ауқымды орталыққа айналғанын айтып, бірнеше маңызды мәселеге арнайы тоқталды.
– Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бастама көтерді. Еліміз Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халықтарымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады. Осылайша, қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр, – деді А.Балаева.
Министрдің айтуынша, Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы жоспарлы түрде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі арасында 2025 жылға дейінгі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылған. Жоспар медиаконтент алмасуды, журналистерге арналған тренингтер мен семинарлар өткізуді, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруды, жас мамандарды қолдауды және жалған ақпаратпен бірлесіп күресуді қамтиды. Сондай-ақ тараптар тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды дамыту мақсатында екі елдің журналистері үшін баспасөз турларын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.
Көшпелілер ойындары мәдениет мерекесіне ұласты
Министр А.Балаева көтерген келесі мәселе – бірлескен медиажобалар жасау. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Шолпан-Ата қаласында өткен Консультативтік кездесуінде Президент Қ.Тоқаев бірлескен жұмыстың маңызды векторы Орталық Азия халықтарының бай тарихи және мәдени мұрасын танымал ету екенін атап өткені белгілі.
– Осы жұмыс аясында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қорқыт ата» тарихи телесериалын, Қырғызстанмен бірлескен «Қос қанат» телекөпірін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Заковат» зияткерлік ойынын атап өтуге болады. Мұндай тәжірибені өңірдің ортақ тарихи тұлғаларына, мәдени мұрасына, туристік мүмкіндіктері мен қазіргі заманғы жетістіктеріне арналған жаңа бірлескен медиажобаларды жасау арқылы кеңейте түскен жөн деп санаймын. Біздің арналар қазірдің өзінде Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзербайжан мен Тәжікстанда хабар таратады. Олармен біз арналардың паритеттік қатысу тізімін кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді министр.
Өңірде мәдени-гуманитарлық байланыстар да жоспарлы түрде нығайып келе жатқанын айтқан А.Балаева жыл сайын елімізде Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстан мен Түрікменстанның мәдени күндері зор табыспен өткізіліп жүргенін жеткізді. Дәл сол секілді аталған елдерде Қазақстанның мәдени күндері де өтіп жатыр.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Орталық Азия елдері үшін ортақ мәдени-тарихи мұраны бейнелейтін біріктіруші оқиғаға айналды. Былтыр қыркүйек айында Астанада өткен V көшпелілер ойындарына әлемнің 89 елінен 2 800 қатысушы мен 700-ден аса журналист келді. Ойындардың ашылу салтанаты мен басқа да спорттық жарыстарын Түркия, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан мен Қырғызстан елдері жоғары сапада таратып, көпшілік көрерменге жеткізді. Бұл іс-шара спорттық жарыс аясынан әлдеқайда асып түсіп, бүкіл өңірден жүздеген мың көрермен мен туристің басын қосқан көшпелі мәдениеттің тамаша мерекесіне ұласты, – деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Сондай-ақ А.Балаева Орталық Азия өңірі ірі халықаралық медиаресурстар мен интернет-платформалар үшін қызығушылық тудыратын салмақты ортақ нарықты қалыптастырып жатқанын, сол арқылы жаһандық медиаалаңға бірлесіп шығу керек екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, біздің еліміз халықаралық ресурстармен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылдың тамыз айында Астана қаласында «Euronews» арнасының Орталық Азия бойынша өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылғанын мысалға келтірді.
– «Euronews» командасы біздің халықтарымыздың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын – өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұхбаттарды, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарының бірқатарын көрсетуге кірісті. Біз Орталық Азияның барлық елімен ортақ тарихи және мәдени мұрамызды, сауда-экономикалық және туристік әлеуетімізді көрсетуге бағытталған бірлескен медиажобаларды жасау бойынша халықаралық әріптестерді тарту жұмысын жүргізуге ниеттіміз, – деді министр.
Заң саласында әріптестікті нығайту қажет
Аида Балаева көтерген тағы бір маңызды мәселе – заң шығару саласында тәжірибе алмасу. Мәселен, бүгінде біздің еліміз өз серіктестерімен медиа саланы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс тәжірибесін және оң нәтижелерін бөлісуге дайын.
– 2023 жылы Мемлекет басшысы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңға қол қойды. Онда «онлайн-платформа» және «жедел хабар алмасу сервисі» ұғымдары айқындалды, шетелдік онлайн-платформалардың БАҚ саласындағы уәкілетті органмен ықпалдастық бойынша өзінің заңды өкілін тағайындау, заңдармен және сот шешімдерімен тыйым салынған заңсыз ақпаратты жою шаралары белгіленді. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің шетелдік онлайн-платформалардың, мессенджерлердің заңды өкілдерінің тізілімін жүргізу құзыреті енгізілді. «Масс-медиа туралы» заң сәтті қабылданып, күшіне енді, – деді А.Балаева.
Сонымен қатар министр атқарылған жұмыстардың арқасында заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порнография) пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін атап өтті. 2018 жылы зиянды контентке қол жеткізуді шектеудің құқықтық тетіктерін бекіткен «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылданып, жетілдіріліп жатыр. Сол тетіктер ақпараттық кеңістіктегі балалар қауіпсіздігінің негіздерін қамтамасыз етуде маңызды қадам болды.
Мәдениет және ақпарат министрі әр елден келген әріптестерін жалған ақпаратқа қарсы бірлесіп жұмыс жүргізуге шақыра келе, фейкпен күресте еліміздің «Stopfake.kz» жобасы сәтті жұмыс істеп келе жатқанын, сонымен қатар Президент «Креативті индустрияны дамыту қорын» құруды тапсырғанын, Үкімет креативті индустрияны дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп, іске асырып жатқанын айтты.
– Қазақстандық сериалдар мен фильмдер телеарна мен стримингтік платформаларда жоғары көрсеткіштерге ие болып, ТМД, Еуропа мен Азия елдеріне экспортталып жатыр. Осылайша, еліміз «Креативті тауарлар мен қызметтер» бағыты бойынша «Жаһандық инновация индексі» рейтингінде 65-орынға көтерілді. «Сәлем интертеймент» (Salem entertainment) эксклюзивті бейнеконтенттің отандық фабрикасы әлеуметтік желілерде және бейнехостингтерде контентті өндіру және тарату бойынша өңірдегі ең ірі медиакомпания болып саналады, – деді ол.
А.Балаева өз сөзін қорытындылай келе ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, Орталық Азия журналистика академиясын құру, жастардың дарынды өкілдері үшін шығармашылық орталығы болуды көздейтін Орталық Азия креативті хабын құру, үздік жұмыстарды атап өтуге және лайықты журналистер мен контентмейкерлердің еңбегін тануға мүмкіндік беретін журналистика саласындағы Орталық Азия сыйлығын тағайындау, «Біздің адамдар» тележобасын іске қосу, сол арқылы тұратын еліне және қарым-қатынас тіліне қарамастан, жастарды шабыттандыратын және оларға өнеге болатын тұлғалар туралы әңгімелеу, Наурызға арналған телекөпір ұйымдастыру, бауырлас елдеріміздің телеарналары үшін телеөнімдерді қолжетімді ету, туризм мен инвестицияны танымал етуге бағытталған бірлескен контенттің көлемін ұлғайту, осы жылдың күзінде «Мипком» (MIPCOM) телеөнімдерінің ең танымал көрмесінде «Central Asia» брендімен бірыңғай алаң ұсыну, телеарналар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінің өтінімдері бойынша түсірілімдерді өтеусіз негізде жүзеге асыратын алаң құру секілді маңызды ұсыныстарын ортаға салды.
Ықпалдастық жаңа кезеңге бет бұрды
Форумның ашылуында сөз сөйлеген Өзбекстан Президенті Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев Орталық Азия бүгінде аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өткенін, кейінгі қысқа уақыттың ішінде бірқатар маңызды мәселе шешімін тауып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Орталық Азия достық кеңістігіне айналып, барлық салада өзара сенім мен тату көршілік қатынас нығайып келеді.
А.Ходжаев медиафорумдар өткізу игі дәстүрге айналғанын айта келе мұндай айтулы іс-шаралар көпжақты әрі екіжақты форматта да ұйымдастырылып жатқанын, мәселен, былтыр қыркүйек айында бірінші өзбек-әзербайжан медиафорумы өткенін хабардар етті.
Сонымен қатар өзбекстандық маман өзара ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағытына тоқталды.
– Біріншіден, Орталық Азиядағы әрбір мемлекет өз көршілерімен екіжақты қатынасты тереңдете беруі керек. Екіншіден, аймақтағы ынтымақтастықтың институттық және нормативтік-құқықтық базасын нығайту қажет. Үшіншіден, жалған ақпарат жағадан алып тұрған заманда біздің елдерімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелері туралы БАҚ арқылы, әлеуметтік желілерде объективті ақпарат беріп, танымал контентті тарату тәжірибесін қалыптастыру өте маңызды. Төртіншіден, ұлттық арналарымыздың аймақтағы барлық елдің хабар тарату кеңістігінен орын алуын жолға қойған жөн. Бұл мәдени-гуманитарлық байланыс көкжиегін кеңейтіп, халықтарымыз арасында жаңа диалог арналарын ашуға мүмкіндік береді. Бесіншіден, жалған ақпаратпен күрес заманында мемлекеттік органдардың ашықтығы маңызды. Осыған орай баспасөз хатшылары институты үнемі дамып отыруы қажет. Бұл салада да біз өзара тәжірибе алмасып, бірімізде жоқты екіншіміз үйреніп, бір-бірімізге қолдау көрсеткеніміз абзал, – деді ол.
Маңызды талқыны Шушада жалғастыру ұсынылды
Әзербайжан Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмаиловтың айтуынша, қазір БАҚ-тың рөлі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, ол оқиғалардың рефлекторы ғана емес, сонымен қатар стратегиялық дамудың маңызды драйвері ретінде де айрықша мәнге ие болып отыр. Ақпарат құралдары болашақты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде қызмет етеді. Өйткені азаматтарды ақпараттандырады, оқытады және пікір қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаһандық сын-қатерлерге қарсы күрес пен медиа ландшафтты шоғырландыру үшін күш-қуатымызды біріктірген орынды екенін айтты.
– Біздің елдеріміздің ортақ мәдениеті мен тарихы, сондай-ақ мемлекет басшылары арасындағы қалыптасқан игі қарым-қатынас іргелі дипломатиялық байланыстарды, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникациялар салаларындағы қатынасты жақсартады. Ақпараттық кеңістікті дамыту мен қорғау – кез келген елдің жалғыз қолынан келетін шаруа емес. Жаһандық сын-қатерлер ұжымдық әрекетті талап етеді. БАҚ дипломатиясы трансшекаралық ынтымақтастық, бірлескен тексерулер мен мәдени алмасулар арқылы әріптестікті дамыта алады, – деді ол.
Әзербайжандық маман Азия құрлығының басқа бөліктерімен өзара іс-қимыл жасаудың бірегей алаңы – Орталық Азия І медиафорумы да көпке пайдалы болғанын айтты. Сондай-ақ ол Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстан және Өзбекстанмен медиа саласында ынтымақтастығы артып келе жатқанын жеткізді.
Сөзінің соңында А.Исмаилов осы жыл Әзербайжан үшін маңызды кезең болып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, биыл Әзербайжан өзінің ұлттық баспасөзінің 150 жылдығын атап өтеді.
– Өздеріңіз білетіндей, біз жыл сайын дәстүрлі түрде Президент Ильхам Әлиевтің тікелей қатысуымен Шуша жаһандық медиафорумын ұйымдастырып келеміз. БАҚ саласындағы өзекті тақырыптардың кең ауқымын талқылау, идеялармен алмасу, аймақтық және халықаралық медиа ынтымақтастықты нығайту үшін серпінді алаң қызметін атқаратын алдағы Шуша жаһандық III медиафорумында осы мазмұнды диалогті жалғастыруға әрқайсыңызды жылы лебізбен шақырамын. Іс-шара 3 айдан кейін, 19–22 шілде аралығында Әзербайжанның тарихы терең Шуша қаласында өтеді және оған сіздер де қатысып, ең маңызды деген мәселелерді талқылауға атсалысасыздар деп үміттенемін, – деді ол.
Дипфейктер қоғам дегбірін алып тұр
Жиында сөз алған Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Тағаев Орталық Азия елдерінің ақпараттық саладағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын өзектілігі жоғарылай түскенін айрықша атап өтті. Соның ішінде интернет арқылы таралатын қауіп-қатерге қарсы бірлескен күрес – заман талабы. Оның айтуынша, ақпараттық технологиялардың, әсіресе жасанды интеллектінің жедел дамуы қоғамға пайдасымен қатар, кейбір жағымсыз әсерлерін де беріп жатыр.
– Бір жағынан, ЖИ адамдарға үлкен мүмкіндіктер есігін ашты. Атап айтқанда, үдерістерді автоматтандыру мен үлкен көлемдегі мәліметтерді талдауға дейінгі жеңілдіктерді ұсынады. Екінші жағынан, осы мүмкіндіктерді теріс мақсатта пайдаланатындар да төбе көрсетіп жүр. Соның бірі – дипфейктер. Нейрожелілер шынайы жағдайлардан айыра алмайтындай жалған видеолар мен аудиоматериалдарды таратып жатыр. Мұндай технологиялар өтірік хабарларды жаю, қоғамдық пікірді бұру, киберқылмыс жасау, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік органдарға жала жабу мақсатында пайдаланылуы мүмкін, – деді ол.
Бүгінде Орталық Азия бірлескен шешімдер мен медианы стратегиялық тұрғыдан қарастыруды талап ететін сын-қатерлерге тап болып отырғанын тілге тиек еткен ол біртұтас ақпараттық кеңістікті дамыту мен медиа саладағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту біздің елдерге жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге, қоғамның тұрақтылығын арттыруға және демократиялық институттардың дамуына ықпал етуге көмектесетінін, медиа тек байланыс құралы емес, сонымен қатар стратегиялық өсу құралы бола алатынын жеткізді.
– Осыған байланысты халықтың цифрлық және медиасауаттылығын арттыру аса маңызды. Азаматтарды ақпаратты талдау мен сыни тұрғыдан пайымдау дағдыларына, фейктер мен интернет-алаяқтық әдістерін тануға үйрету қажет. Тек осылай деструктивті контентке ұшырау қатерін азайтып, коммуникациялық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады. Біртұтас ақпараттық кеңістікті дамыту киберқауіпсіздік саласында бірлескен тетіктер құруды, цифрлық қатерлерді реттеу тәжірибесімен алмасуды, сондай-ақ білім беру мен ағарту салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуды қажет етеді. Ақпараттық интеграция тек технологиялық прогреспен ғана емес, сонымен қатар жауапты цифрлық мәдениетті қалыптастырумен қатар жүруге тиіс, – деді ол.
Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жандануы керек
Медиафорумның кезекті қонағы, Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Теледидар және радио хабарларын тарату комитеті төрағасының орынбасары Ализода Сухроб ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың күнделікті дамуы және қазіргі әлем тәжірибесі электрондық БАҚ-ты тиімді пайдалану тек ақпараттық кеңістікті толтырып қоймай, сонымен қатар аймақтағы елдердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін көрсетіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, Орталық Азия кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік те телевизиялық және радиохабар таратушы компаниялардың, сондай-ақ басқа да медиа ұйымдардың шығармашылық және техникалық әлеуетіне байланысты.
Тұрақсыздық пен заманауи сын-қатерлер жағдайында ақпараттық экстремизм қоғамға және жалпы Орталық Азия елдеріне теріс әсер ететінін, яғни аймақ қауіпсіздігіне төнген нақты қауіп екенін айтқан А.Сухроб БАҚ терроризм мен экстремизмге қарсы күреске өз үлесін қосып, заманауи қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тұрудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруы керек екенін жеткізді.
– Орталық Азия елдерінің медиа ұйымдары үшін ынтымақтастық үлгісі – елдеріміздің басшылары арасындағы достыққа, өзара түсіністікке, құрмет пен сенімге негізделген, сондай-ақ конструктивті және тиімді серіктестікті мақсат еткен байланыстар болуға тиіс. Биыл 31 наурызда ежелгі Худжанд қаласында Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттерінің үшжақты кездесуі өтті. Осы басқосуда үш мемлекет шекарасының түйіскен нүктесіне қатысты келісімге қол қойылды. Бұл оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан аса маңызды оқиға ретінде бағаланды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Орталық Азия өңірінің медиа ұйымдарына үшжақты келісім туралы ақпаратты кеңінен жариялағаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді тәжікстандық маман.
Екіжақты кездесулер өткізді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форум аясында Орталық Азия елдерінің медиа саласы мекемелері мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен басқосуда еліміздің Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті. Тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.
Ал Әзербайжан Республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмайловпен өткен келіссөздер барысында тараптар халықтар арасындағы жақындасу мен ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рөлін атап өтті. Әсіресе тең дәрежелі ақпарат тарату мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын еліміздің аумағында тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сондай-ақ Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Африка бойынша өкілі Сайед Имран Ахмадпен кездесті. Тараптар тележурналистика мен медиа саласын дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары мен келешегін талқылады.
Бұған қоса Орталық Азия ІІ медиафорумының бірінші күні «Жаһандық медиa: болашақтың ақпараттық ландшафтын қалыптастыру» тақырыбындағы пленарлық сессиямен жалғасын тауып, онда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбай, «Euronews» бас директоры және редакциялық директоры Клаус Штрунц, ABU бас хатшысы Ахмед Надим, CGTN бас редакторының орынбасары Дин Юн, «AnewZ» телеарнасының бас директоры Руфат Хамзаев, TASS агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Калмыков секілді танымал мамандар сөз сөйлеп, ортақ медиа кеңістігін құру мен жалған ақпарат таратуға қарсы бірлескен күрес жайында ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар түстен кейін «Жасанды интеллект пен үлкен деректер дәуіріндегі медианың цифрлық трансформациясы», «Әлеуметтік желілер – ел имиджін ілгерілету құралы ретінде» тақырыптарында панельдік сессиялар мен Нетворкинг сессиясы өтті. Мұнда Оңтүстік және Орталық Азиядағы реттеу жөніндегі Meta компаниясының директоры Сенура Абервайдена, CNN International Commercial креативті директоры Иэн Макдональд, Цифрлық трансформация және жасанды интеллект бойынша сарапшы Рүстем Бигари, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек, «Кабар» қырғыз ұлттық ақпарат агенттігі директоры Медербек Шерметалиев, «Atameken Business» бас директоры Қанат Сахариянов, ЖИ және цифрлық медиа маманы Данияр Қосназар, өзге де мамандар қатысып, баяндама жасады.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»