ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев, Удмурт Республикасының делегациясы, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері және сарбаздың туыстарының қатысуымен қызыл әскердің жеке заттарын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ленинград облысының Тосненск ауданындағы экспедиция барысында удмуртиялық «Долг» қоғамдық ұйымының іздеушілері қаза тапқан сарбаздың сүйектері мен жеке заттарын тауып, медальонның Омбы облысы Қират ауылының тумасы 1943 жылы желтоқсанда хабар-ошарсыз кеткен 1907 жылы туған Төкен Мендішевке тиесілі екенін анықтаған.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше 2024 жылдың 10 мамырында қызыл әскер Төкен Меңдішевтің және тағы 194 жауынгердің сүйегі Ленинград облысы Тосненск ауданы Чудская бор ауылының жанындағы мемориалдық зиратта бауырластар қабіріне жерленген екен. Сарбаз қаза тапқан жерге ескерткіш белгі орнатылған.
Сарбаздың барлық табылған заттарын: патрондарға арналған сөмке, қасық, сіріңке, ұстара, түймелер, ілмек, жұлдызша, СВТ мылтығының кілті, медальон және капсулалы бланкіні Меңдішевтер отбасы ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейіне тапсырды.