Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің музейін аралап жүріп, жүз жыл бұрын түсірілген фотосуретті көзім шалып қалды. 1925 жылы түсірілген тарихи фотосуретте Семейдің қазақ педагогикалық техникумының түлектерінің бейнесі сақталған.
Колледж директоры Шағангүл Жанаеваның айтуынша, бұл сурет оқу орнының қорында сақталып қалған. Бұл секілді тағы басқа зерттелмеген құнды мұралар бар. Өкінішке қарай, кеңес заманында көп дүниенің көзі жойылған. Бірақ қазіргі қолда бар дүниелерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізсе аз олжа болмас еді.
Тарихи суретте Қазақстан археология ғылымының негізін салушы, ғылымның көптеген саласы: этнография, тарих, шығыстану, әдебиеттану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА академигі Әлкей Марғұлан, публицист, драматург, аудармашы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұсатай Ақынжанов бар.
Ал оқытушыларға келсек, онда Семейдің қазақ педагогикалық техникумының директоры, бұрынғы Мұғалімдер семинариясының түлегі, ағартушы-педагог, Алаш қайраткері Әбікей Сәтбаев, Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті (1923–1928), әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың болашақ жары Таисия Алексеевна Кошкина, Семей қазақ театрының негізін қалаған, Семейдің қазақ педагогикалық техникумында ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Ғалиақпар Төребаев, педагог-ғалым, Ы.Алтынсарин атындығы ғылыми зерттеу институтының директоры Әміржан Сыдықов бейнесі сақталған. Сонымен қатар Ресей университеттері мен институттарын бітірген оқытушылар Е.Г.Мертвецов, С.Г.Сироткин, И.Ф.Виноходов, Е.Г.Герасимов бар.
Бұл нақты аты-жөні анықталған тұлғалар ғана. Қарап тұрсаңыз, түлектердің қатарында екі Аймановтың есімі көрсетілген. Қызығы, бұл тарихи білім ордасында атақты кинорежиссер Шәкен Айманов та білім алғаны белгілі. Аталған екі Аймановтың Шәкен Аймановқа туыстығы болуы мүмкін деген де пікір бар. Өйткені Семейдегі мұғалімдер семинариясында Баянауылдан барып оқыған тұлғалардың қатары көп.
Абай облысы