Арқа жерінде, әсіресе, Жаңаарқа тойының шымылдығы дәл осы әнсіз түрілмейді: «Нұр тұнған өмірі, Құлпырған өңірі, Өзгеден тұратын дара дархан, Атыңнан айналдым, Жаңаарқа…». Бұл – Жаңаарқа жұртшылығының бейресми әнұраны.
Осы әнге құлақ түрсек, Арқа атырабы, ондағы жайсаң жұрт, елге деген сағыныш өріле береді, өріле береді. Сөйткен «Жаңаарқа вальсінің» жарыққа шыққанына 40 жылдан асыпты. Ән авторы, жазушы Төкен Әлжантегін көзіқарақты оқырман қабырғалы қаламгер ретінде жақсы танып, қадірлейді. Ал осы бір әннің сәтті шығып, ел аузынан түспей орындалуынан-ақ, сазгерлік қабілетінің сәулелі екені сезіледі. Автор ән жазылатын жылы мәдениет саласында еңбек еткен көрінеді.
«1982 жылдың жаз айында Мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Ең әуелі автоклуб меңгерушісі, кейіннен «Жаңаарқа» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі міндетін атқардым. Дәл сол уақытта республика төңірегіндегі ансамбльдер астанаға сапар шегіп, өз деңгейлерін Алматы көрермендері мен сарапшыларының талқысына салып жатқан болатын. Осыған орай, ауданның өнерін көрсететін сәт туған-ды. Сонда финалды қорытындылайтын ән таппай қиналғанымыз есте», дейді Төкен Әлжантегі.
Шынымен, жыр мен әннің мекені Жаңаарқа туралы дәл осы мезетке дейін бір ән жоқ болып шығыпты. Сөйтіп, алаң көңіл ақыры жас мәдениет қызметкерінің санасына ән саулатады. Оның үстіне салмақ та, жауапкершілік те сценарий авторы Төкен сазгерге түсетіні белгілі. Сөйтіп жүріп, күндердің бірінде, кезекті дайындықтан кейін, жолдастарымен жақында ғана сәбилі болған Серғазы Зекенов деген өзі палуан, өзі өнерге жақын досының үйіне қуанышын бөлісуге бара қалады. Бір бөлмеде достары, бір бөлмеде аяқ-қолын енді ғана бауырына алған досының келіншегі. Мына қызықты қараңыз, ән авторы шай ішіп отырғанда өздігінен сырғақтатып, қолына тиген домбыраны ойната беріпті. Бір әуеннің нақышы пернелерге қонақтаған сияқты. Бірақ не ырғақ екенін біле алар емес. Ал дастарқан басында әзіл-қалжың. Сол кезде сытылып, келесі бөлмеге өтіп, досының келіншегі бесік тербетеді, ол домбыраны шерте түседі. Өстіп, ең әуелі қайырмасы туады. Ырғаққа сәйкес буындарды шығарып, сөзін жазып шығады. Сосын әуен нышаны пайда болады. Ештеңеге алаңдайтын емес. Сөз құрап әлек. Ұзын сөздің қысқасы, сағат таңғы үш кезінде бәрі дайын болыпты. Енді әуенді ұмытпауға тырысу керек. Өйткені «нотадан мақұрыммын», дейді өзі. Ертеңіндегі дайындықта көптің алдында түнгі шыққан әуенді ыңылдап отырып орындап береді. Ансамбльдің музыкалық жетекшісі Алтын Сейфуллин де автормен бірге ыңылдап отырыпты. Ақыры сол ыңылды әуенді оркестрге салып жібереді. Міне, «Жаңаарқа вальсі» осылай туған. Бұл – 1982 жылдың күз мезгілі-тін. 1982 жылдың 7 қазаны, яғни кеңес өкіметінің Конституция күнінің құрметіне дайындалған «Жаңаарқа» газетінің мерекелік бетінде ән мәтіні жарияланыпты. Бұл ән әуелгіде тойларда жиі айтылып жүріпті.
Автор бұл әннің бағын ашқан эстраданың жарық жұлдызы Қарақат Әбілдина дейді.
Бірде Алматыға Жазушылар одағының съезіне бара қалған. Төкен Әлжантегін ақындар Абзал Бөкенов, Бақтыбай Аманжолов, Ғалым Жайлыбаймен Қарақаттың әпкесі Қымбат Әбілдина үйіне қонаққа шақырыпты. Ақындар өлең оқиды. Ал ән авторы, жазушы тып-тыныш отырған. Солай отырғанында көзіне домбыра түсе қалған. Қымбатқа алдырып «Жаңаарқа вальсін» шырқап қоя береді. Ән аяқталғанда жанына Қымбат келіп, «тағы бір айтыңызшы?» деп қолқа салады. Тағы бір орындап шығады. Сол сәтте үйінде жүрген кішкене қыз бала Қарақат онда Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектептің 6-сынып оқушысы екен. Сол кезде Қымбат өлеңнің сөзін жазып беруін өтінеді. Әннің сөзін бір парақ қағазға түсіріп кетеді.
Бірде Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп жатады. Автор елде, әйелі екеуі шай ішіп отырғанда қабырғаға ілінген радио самбырлап қоя береді. Бала Қарақат. Құрылтайға осы әнмен шашу шаша келіпті.
«Кейіннен оркестрге салып жібергенде мүлдем жаңа реңк пайда болды. Дәл осылай құлпырады деп ойламаппын. «Жаңаарқа вальсін» кеңістікке алып шыққан – Қарақат Әбілдина», дейді Төкен ағамыз.
«Жаңаарқа вальсі» әнін әуелете шырқаған бірнеше әнші бар. Тіпті бұл ән әуелеп Қытай асқаны да таңырқайтындай дүние.
«2000 жылдардың бас кезі болатын. Сыртта жүргенімде қалта телефоным шыр етті. Көтерсем белгісіз бір адам. Амандық-саулықтан кейін жағдайды түсіндіре бастады: «Мен «Гәкку» тобының продюсері едім. Қытайда тұратын бауырларыңыз сіздің «Жаңаарқа вальсі» әніңізді репертуарларына қосуды қалап отыр. Егер, мүмкіндігіңіз болса тыңдап көрсеңіз, сосын рұқсатыңызды берсеңіз деп едік». «Жақсы», – дедім. Олар телефонға әнді қосты. Тамаша! Сағыныш басым. Туған жерге, атақонысқа деген сағыныш, әрине. Сөйтіп, әнім Қытай елінің жастары дауысымен де шырқала бастады. Бір қызығы, топтағы үш әншінің бірінің дауысы тура Мейрамбек Бесбаевтың дауысынан айнымайды екен. Соны тыңдағандар көпке шейін орындаушысы Мейрамбек деп шатастырудан танбады. Әннің шыққанына қырық жылдан асты. Шүкір, абыройсыз емес. Осы күнге шейін Қазақстанда ғана емес, Қытай, Моңғолия өлкесіндегі әншілердің орындауында телеарна, радиодан орындалып тұрады. Басқа да шетелде Қарақаттың орындауында шырқалғаны маған мәртебе», дейді мағмұрланып Төкен Әлжантегі ағамыз.
Қарағанды облысы