• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Пікір 18 Сәуір, 2025

ЖИ кәсіби маманды алмастыра алмайды

0 рет
көрсетілді

Мұндай форумдар журналистерге қажет деп ойлаймын. Үйренетініміз өте көп. Әсіресе шетелдерден сарапшылар келді. «Яндекс», «CNN», «Еуроньюстің» кәсіби мамандары кеңесін айтты, тәжірибесін бөлісті.

Осы ретте жасанды интеллектіні қалай тиімді пайдалануды үйрендік. Жасанды интеллект шықты, енді журналистерді ысырып тастайды деген қауесет сөз де тарады. Болашақта бұл мамандық құрдымға кетеді деген пікірлер де айтылып жатыр. Кезінде телеарна алғаш рет шыққанда газеттің күні бітеді деген жаңсақ пікірлер секілді жасанды интеллектіден де біраз күдік алғанымызды жасырмаймын. Мамандар осының тәуекел тұстары мен пайдасын айтып, жүрегіміз орнына түскендей болды. Олар жасанды интеллект дайындап берген жобаны адами, журналистік кәсіби тұрғыда қайта қарауды талап етінін айтты.

Мені жасанды интеллектінің мүмкіндігі зор, еңбек толықтай соған тиесілі болып, журналистердің оған әсері маңызсыз болып қалады деген ой мазалағаны рас. Біз – шығармашыл адамбыз. Сондықтан да мұндай кездесулер бір жағынан жаңа ізденістерге серпін беріп, рухтандырады. Сондай-ақ журналист этикасын да қарастырды. Әсіресе аймақтағы журналистерге мұндай тренинг, форумдар өте қажет. Жолдың шалғайлығынан көп келе бермейміз. Сондықтан осындай мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысамыз.

Өңірде болған соң бізде кадр жетіспеушілігі деген мәселе бар. Кейінгі кезде телеарнаға аға буын қайта орала бастады. Себебі аға буынның жүргізген хабарлары көбірек сенім қалдыратын секілді. Бұл тұрғыдан келгенде біздің арнада аға буын өкілдері қызмет етеді. Көрермен оларға әбден көзтаныс болған, сенімді ақпарат көзі ретінде қарайды. Жастар болса, қызықты жобаларымен таңғалдырады. Әсіресе олар лайф деп жүрген тікелей эфир бағытындағы хабарларға тез бейімделіп алды. Қазір оқиға орнынан, телефонға болса да түсіріп жіберіп жатады. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, оларда да осындай үрдіс қалыптасқан екен.

 

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Ақ Жайық» телеарнасының шеф-редакторы