• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Құқық 19 Сәуір, 2025

Қоғам дерті: тұрмыстық зорлық-зомбылық

0 рет
көрсетілді

Елімізде отбасылық саясатты жүргізу, ана, әке және балаларды түрлі сын-қатерлерден қорғау, азаматтардың физикалық, интеллектуалдық, рухани тұрғыда дамуына ықпал ететін жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, кейінгі жылдары Президент бастамасымен бұл саладағы жауапкершілік күшейтіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған 50-ден аса құқықтық акті қабылданды.

Қандай қоғам болсын әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау ең өзекті мәселе саналады. Сондықтан да болар, мемлекетіміз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дамытуға барынша жағдай жасап жатыр. Десе де мамандардың айтуынша, отба­сылық зорлық-зомбылықтың алдын алу ісінде көбіне жәбірленушілердің құ­қығы толық қорғалмайды. Оған себеп әкімшілік немесе қылмыстық іс тіркелгеннен кейін полиция істі қолға алғанымен, шағымданушы тарап өз құқы­­ғын қорғауға келгенде осалдық та­ны­­тып, тайқып кету деректері көп. Мамандар­дың пікірінше, еліміздегі әйелдердің басым бөлігі балаларының әкесіз өскенін қаламайды. Толық қанды отбасын сақтап қалу үшін күйеулерінің озбырлығын кешіруге дайын.

Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат жөніндегі комиссия хат­шылығының бас инспекторы Ай­наш Ғалымова осы мәселеге тоқ­тала келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың бастамасымен тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қатысты жауап­кершілік күшейтілгенін тілге тиек етті.

«Біз көп жағдайда шағымданушы тараптың мақсаты жұбайын түрмеге қамау емес, керісінше күйеулерінің оспадар мінез-құлқын өзгерту екенін жиі байқаймыз. Сондықтан да от­басылық зорлық-зомбылықты бол­дыр­маудың жолын іздегенде санкцияларды қатайтумен шектеліп қалмау керек. Ел азаматтарының жақсы жалақы төлейтін лайықты жұмысқа орналасуына, тұрғын үй проблемаларын шешуге, білім деңгейі мен құқықтық сауа­­­­тын арттыруға, гендерлік стереотиптерден арылтуға, салауатты өмір салтын ұс­тануға бағытталған жобаларды көбейт­­­кен жөн. Сонда ғана қоғамдағы абьюзер­­лердің азаюы­на қол жеткіземіз», дейді А.Ғалымова.

Спикер елімізде отбасылық зор­лық-зомбылыққа қарсы күресетін маман­дандырылған бөлімшелер құрылғанын, бұл бөлімшелер зорлық-зомбылық құр­­бан­дарын қорғау ісінде маңызды қадам­дар жасап, ішкі істер органдарымен бірле­се жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Қазір Ақмола облысы аумағында 9 дағ­дарыс орталығы жұмыс істейді. Біз сол орталықтар арқылы тұрмыстық қиын­дыққа тап болғандарға психо­логиялық және заңгерлік көмек көрсе­теміз. 2024 жылы дағдарыс орталығына 219 адам орналастырылды. Оның ішінде 67 әйел адам, 152 бала бар. Сондай-ақ қатер­дің алдын алу мақсатында поли­цей­лер мыңнан аса агрессорды бақы­лауға алды», деді ол.

Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығы үкіметтік емес ұйымдар­мен де бірлесе түрлі тренингтер, дәріс­тер мен консультациялар өткізген. Айнаш Ғалымова алдағы уақытта бұл бағыт­тағы жұмыстарды үзбей жалғасты­ра­тын­дарын айта келіп, әрбір баланың толық­қанды психикалық және тұлғалық дамуын қамтамасыз етуге тиіс екенімізге тоқталды.

«Бүгінгі таңда жаһандық әлеуметтік проблемалардың бірі балалар арасындағы – суицид. Жеткіншектеріміздің өз-өзіне қол жұмсауына отбасылық жанжал, жауапсыз махаббат, қорқыныш сезімі (қорқытып-үркіту) және белгісіз себептер әсер ететіні белгілі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында балалар арасында 13 суицид тіркелді. 2023 жылы 11 жеткіншек өз-өзіне қол жұмсаған еді. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қазір мектептерде психологиялық қызметтер құрылып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог, сынып жетекшілері бірлесе кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір облыс бойынша 2028 бала – психологтердің бақылауында», деді А.Ғалымова.

Қазір Ақмола облысында педагог-пси­холог мамандар тапшы. Ақмола облысының орта білім беру ұйымдарының штаттық кестесіне сәйкес 543,75 педагог-психолог қызмет етуге тиіс. Оның ішінде 553 маман жұмыспен қамтылған. Яғни өңірдегі мектептер мен техникалық білім беру колледждеріне маман жетіс­пеушілігі бар. Спикер бұл проблеманы педагог-психологтердің жалақысын ұл­ғай­ту арқылы шешуге болатынын, биыл облыстық мәслихат сессиясына педагог-психологтердің 594,8 ставкасы үшін 1 млрд 350 млн теңге бөлуге бюджеттік өтінім берілгенін айтады.

Сонымен қатар Айнаш Ғалымова Білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерін цифрландыру мәселесіне қатысты ойын да ортаға салды. Оның айтуынша, 2024 жылдың қыркүйегінен бас­тап өңірдің 64 мектебі мен 2 колледжінде пилоттық режимде «HR+» психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтан­дырылған жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің тиімділігін арттыру үшін жобаның қатысу­шыларына әдістемелік көмек көрсететін үйлестірушілер тағайындалды. Алдағы оқу жылында жобаны барлық білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу жос­парланып жатыр.

2024 жылдың сәуір айынан бастап өңірлік Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істей бастаған. Орталықта сенім телефоны тәулік бойы (24/7) жұмыс істейді. Спикер осы уақыт аралығында орталыққа мыңнан аса қоңырау түскенін, сұрақтар көбіне отбасылық жағдай, ата-аналармен қарым-қатынас, кәсіби күйзеліс мәселелеріне қатысты болғанын, 246 жеке қабылдау жасалып, телефон арқылы 363 кеңес берілгенін, әр бейсенбі сайын ата-аналар, оқушылар мен педагогтерге арналған тікелей эфирлер ұйым­дас­ты­рылғанын, орталық мамандары «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы автоагрессивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша әдістемелік ұсыныстар» бағдарламасын әзірлегенін мәлімдеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен суицидті болдырмау үшін балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау керек. Ақмола өңірінде оқушылардың сабақтан тыс уақытта үйірмелер мен спорт секцияларында жаттығуына да баса мән беріледі. Мысалы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша оқушылардың 96,6 пайызы қосымша біліммен қамтылған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 82 пайызды құраған. Сондай-ақ «Даналық мектебі» клубы арқылы мектеп пен ата-аналар арасында байланыс орнатылып, 117 мыңға жуық ата-ана педагогтермен бірлесе балаларының тәрбиесіне араласуына мүмкіндік алған.

«Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбы­лықты болдырмау мақсатында Отбасын қолдау орталықтарының көптеп ашылып жатыр. Өңірімізде «Amanat» партиясы­ның бастамасымен жеті отбасын қолдау орта­лығы құрылды. Ол орталықтардың жұмысын жүргізуге 2025 жылы 115,1 млн теңге қаржы бөлінді. Мәселен, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша об­лыс­тың отбасын қолдау орталықтарына 289 азаматтан өтініш түсіп, 393 қызмет көрсетілді», деді А.Ғалымова.

Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұй­рығы негізінде Ақмола облысына қарас­ты Қосшы, Степногорск қалалары мен Астрахан, Атбасар, Бурабай, Зеренді, Шор­тан­ды аудандарының әрбірінде жеті Отба­сын қолдау орталықтарының жаны­нан өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған адам­дарды (отбасыларды) қолдау жөнін­дегі 89 мобильді топ құрылған. Бүгінгі таңда мо­бильдік топтардың көмегін жүз­ден аса от­басы алып, оларға 233 қызмет түрі көрсетілген.