Бүгінде еліміз халық саны ең көп ел саналатын Үндістанның туризм нарығындағы негізгі компаниялармен берік байланыс орнатқан. Осыған қоса, екі ел арасында тікелей әуе қатынасы көбейген, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан Еуразияның туристік картасында өз мәртебесін нығайтып келеді. Былтырдың өзінде Үндістаннан келушілер саны екі есеге жуық артып, 78 мыңнан 146 мыңға жеткен. Мұны еліміздің туристік әлеуетін шетелде ілгерілету жұмыстарының нәтижесі деп бағаласақ болады. Мысалы жуырда Kazakh Tourism және Air Astana компаниялары Үндістанның жетекші туроператорларына арнайы таныстыру турын ұйымдастырып, тағы бір бастамаға ұйытқы болды.
Үндістан туроператорларының елге сапары «Мумбай – Алматы» жаңа тікелей әуе бағдарының іске қосылуына орай ұйымдастырылған. Алғашқы рейс оңтүстік астанаға сәтті қонып, қонақтар Алматы қаласы мен Алматы облысының көрікті жерлерін аралауға аттаныпты. Бағдарламада «Көктөбе», «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, «Шарын» шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері және өзге де туристік нысандар қамтылған. Таныстыру сапары Үндістан туроператорларына өңірдің туристік әлеуетін бағалауға және саяхатшыларға ұсынатын бағыттарды кеңейтуге жол ашады деп үміттенеміз.
Айта кетейік, Үндістанның ең ірі мегаполисімен тікелей әуе рейс аптасына үш мәрте қатынайды. Мумбайдан ұшақ сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшса, Алматыдан кері рейстер сәрсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері көкке көтеріледі.