А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде «Шырқа, менің сырнайым» атты байқау өтті. Оған Қазанғап атындағы саз өнер мектебі, қаладағы үш музыка мектебі, А.Жұбанов атындағы музыка колледжі мен гуманитарлық колледж студенттері қатысты. Үздік шыққандар Атырауда өтетін «Еуразия кубогі» ІІІ халықаралық баян және аккордеоншылар байқауына қатысып, одан іріктелген жасөспірімдер тобындағылар жазда Босния мен Герцеговина астанасы Сараево қаласында өтетін 78-халықаралық байқауға барады.
А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде баян және аккордеон сыныбында 12 студент дәріс алса, олардың арасында 3-курс студенті, Президент стипендиясының иегері Жаннұр Жұмабайқызы мен Нұржан Маймақов халықаралық байқауларға қатысып, үздік өнерімен танылып жүр.
Айта кету керек, өңірде жылма-жыл баян мен аккордеон аспаптарын меңгеруге ықыласты балалар көбейіп келеді.
«Баян және аккордеоншылар байқауы жыл сайын әр мемлекетте өтеді. Былтыр Италияда өткен 77-байқауға студентіміз Нұржан Маймақов қатысып, 9-орын алды. Биыл ол Босния мен Герцеговина астанасында өтетін 78-халықаралық байқауға барады. Сондықтан да баян және аккордеоншылар байқауларына барып, білім алмасып, тәжірибе жинау өте маңызды», дейді А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің оқытушысы Ақгүл Әбішова.
Іс-шарадан соң П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің оқытушысы Диас Елемес Ақтөбедегі балалар музыка мектептері мен колледж студенттері алдында шеберлік сабағын өткізді.
Ақтөбе облысы