• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2025

Жас кітапханашылардың тұңғыш хакатоны өтті

60 рет
көрсетілді

Еліміздің барлық өңірлерінен келген үздік жас кітапханашылар Алматыда бас қосты. Alatau Creative Hub орталығында өткен іс-шарада жас мамандар кітапхана саласын дамытудың әлемдік тәжірибесі, өзекті мәселелері мен бүгінгі өрісі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Хакатонда елдегі кітапхана ісін жаңғыртуда тәжірибесі мол алматылық кітапханашылар өз білімін өзге өңірдегі әріптестерімен бөлісті. Саладағы жаңа қызмет түрлерін талқылауға және кітапхана саласына цифрлық технология енгізу мәселесін қарауға арналған маңызды алаңда түрлі ұсыныстар айтылды.

Бүгінде Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін 24/7 кітапханалар, автономды кітапханалар, RFID жүйесі және цифрлық оқу залдары бар. Бұл бастамаларды қолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, өзге өңірлерді де мегаполистің озық тәжірибесін қабылдауға шақырған болатын.

Хакатон қатысушылары кітапхана саласын дамытуға бағытталған жобалар мен идеясын таныстырды. Оңтүстік Корея, Швейцария, Германия, Финляндия, Эстония және Швеция елдерінде халықаралық тағылымдамадан өткен Алматылық жас мамандар шетелдік үздік тәжірибе мен оларды жергілікті жағдайға бейімдеу тәсілі туралы айтты.

«Бүгінгі кітапханалық хакатон жоғары деңгейде өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген мамандар керемет идея мен тың көзқарас ұсынды. Біз әріптестеріміздің жобасынан шабыт алып, тәжірибемізді қуана бөлістік», – дейді Батыс Қазақстан облысы, Бірлік ауылының кітапханашысы, хакатон қатысушысы Гүлбақыт Дүйсен.

Алғашқы хакатон жас кітапханашылардың кәсіби дамуы жолындағы маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан кітапханаларының жаңғыруға, инновация енгізуге және елдің мәдени-оқу өміріндегі орнын нығайтуға деген ұмтылысының жарқын дәлелі болды.

Айта кетейік, бүгінде Алматыда қала әкімдігіне қарасты 30-ға жуық заманауи кітапхана жұмыс істейді.