Астанада инклюзивті қоғам құру идеясын қолдаушылардың басын қосқан «Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті. Биыл аталған іс-шараға 3 мыңнан аса адам қатысты.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев дәстүрге сәйкес игілікті іске арнайы қатысып, ашылу салтанатында сөз сөйледі. Ол бұл жарыс саламатты өмір салтын дәріптейтін және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды көздейтін маңызды қоғамдық бастамаға айналып келе жатқанын айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзияны дамыту мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ерекше қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдауға арналған жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Қазір осы бастама бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Аталған заң шын мәнінде азаматтарға пайдалы болуы үшін сенаторлар қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен және сарапшылармен бірге бұл бағытта қандай басымдықтарға назар аудару керектігін жан-жақты талқылап, белсенді жұмыс жүргізіп келеді», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар палата спикері жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, олардың он жылдан аса уақыт бойы инклюзивті білім беру ісін дамыту үшін еселі еңбек етіп келе жатқанына назар аударды. Осындай табанды жұмыстың арқасында аутизмі бар жүздеген бала өз қатарластарымен бірге мектептер мен балабақшаларда оқуға мүмкіндік алғанын атап өткен жөн.