Парламент Сенатының депутаттары мен аппарат қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Бейбітшілік және келісім саябағында өткен іс-шараға 200-ге жуық адам қатысып, шаған және басқа да көпжылдық ағаштардың көшеттері отырғызылды, саябақтың аумағы тазартылды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміз үшін мұндай экологиялық акциялардың маңызды екеніне назар аударды.
«Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясында сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына баса мән берді. Мемлекет басшысы бұл бастама өскелең ұрпақтың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіруге және оларға озық білім мен тәлім-тәрбие беруге септігін тигізетін игілікті іс екенін айтты. Сондай-ақ аталған акция, шын мәнінде, шынайы отаншылдықтың көрінісі екені анық. Бүгін дәл осындай құраммен Бейбітшілік және келісім саябағында сенбілік өткізуіміздің символдық мәні зор деп есептеймін. Өйткені биыл Астанада рухани және халықтық дипломатияны ілгерілетуге ықпал ететін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтеді», деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасы саябақтағы орталық инсталляцияда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Демалыс орны биыл Астанада өтетін «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» атты Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында ашылады деп жоспарланып отыр. Палата спикері әріптестерімен бірге осы мәселені де талқылады.
Бейбітшілік және келісім саябағының негізін 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысушылар қалады. Олардың қатарында Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайеб, Израильдің бас раввиндері және әлемдік діндердің басқа да өкілдері бар.