ҚР Сот әкімшілігінде аймақтардағы департаменттер басшыларының бейне бақылау камерасы арқылы қатысуымен кеңес өтті. Кеңесті Сот әкімшілігінің басшысы Н.Ахметзакиров жүргізді. Онда 2025 жылдың бірінші тоқсанында жасалған жұмыстар сараланып, қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кеңес отырысында Сот әкімшілігінің Алматы қаласы, Алматы, Ақмола, Түркістан, Қарағанды, Жетісу, Ұлытау және Ақтөбе облыстары бойынша департаменттерінің басшылары бір тоқсан бойы жасаған жұмыстарын баяндады. Оның ішінде әр өңірге жаңадан сот ғимараттарын салу, инфрақұрылым жүргізу және соттардың жұмысын ұйымдастыруды жақсарту бағытында қандай шаралар қолға алынғанын атап өтті.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысының Хромтау және Қарғалы аудандық соттарында ғимаратты жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал Шалқар аудандық сотының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары басталған.
Алматы облысында қылмыстық және мамандандырылған сотының, Түркістан облысының Түлкібас және Төлеби аудандарында аудандық соттың, сондай-ақ Тараз қаласының № 2 сотының сот ғимараттарын қайтадан салу үшін жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
ҚР Сот әкімшілігінің Атырау және Ақтөбе облыстарындағы департаменті басшыларының айтуынша Атырау қаласының № 2 сотының құрылыс (кеңейтілу) жобасы, сондай-ақ Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз және Темір аудандық соттарының жобалары дайын, тек қаржыландыруды күтіп отыр.
Ақтөбе облыстық сотының және Павлодар облысының Ертіс және Шарбақты аудандық соттарының жобалық-сметалық құжаттарын түзету мамыр айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Кеңес барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі аясында Ақмола облысы бойынша департаменті облыстық сотының іргелес аумағындағы ауданы 280 м² екі қабатты ғимараттың құрылысы басталғаны айтылды.
Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек аудандық сотының ғимаратының құрылысы да мамыр айында басталады.
Сонымен қоса, Президенттің тапсырмасы аясында Құқықтық саясат тұжырымдамасы мен Судьялардың IX съезінің шешімдеріне сәйкес Қарағанды және Ақтөбе облыстарында соттарды біріктіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кеңес соңыныда ҚР Сот әкімшілігінің басшысы Н.Ахметзакиров соттарды жаңғырту кезінде әрбір бюджеттік шешім ашық болуы керектігін, ал жобалар сапалы әрі дер кезінде жүзеге асырылуы тиістігін атап өтті. Ол сондай-ақ аумақтық департамент басшыларын қаражаттың мақсатты жұмсалуын жеке бақылауға алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүргізіп, қоғамның сенімін арттыру үшін тұрғындармен жедел кері байланыс орнатуға шақырды.