Ақтөбелік студент жасанды интеллектінің көмегімен Әлия Молдағұлова туралы комикс жасап шығарды. Көркемай Елеусіз бұл ерекше жобасын қазақтың қайсар қызының туғанына 100 жыл толуына орай әзірлеген. Автор батырдың ерлігі мен өмір жолын жеңіл, көркем әрі тартымды форматта ұсынған.
Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусында 2-курс оқитын Көркемай комикс идеясын жүзеге асыру барысында жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың өміріндегі маңызды оқиғаларды мектеп оқушыларына түсінікті әрі әсерлі етіп бейнелеуге тырысқан. Жоба жас оқырманның патриоттық сезімін оятуды көздейді.
– Қазір комикс жасөспірімдер арасында жай ғана суретті кітап емес, бұл тәрбиелік мәні бар, шабыт сыйлайтын құралға айналды. Осыны ескеріп, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосқым келді. Осылайша, тарихи деректерге сүйеніп Әлия Молдағұлованың майдандағы ерлігін қысқа эпизодтармен жаңа формада ұсындым, – дейді К.Елеусіз.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің назарына ілігіп, ресми парақшасында жарияланды. Болашақта автор бұл форматта басқа да қазақ батырлары туралы сериялар әзірлеуді жоспарлап отыр.