Сыр елі — батыр бабаларымыздың ізі қалған қасиетті топырақ. Ұлы отан соғысына бір ғана Қазалы ауданынан 10 770 азамат майданға аттанған.
Олардың арасында қазалылық Әсербаевтар әулетінің Байниет, Ақниет, Айниет сынды үш бірдей ұлы болды. Соғыстан 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Ортаншы ұлы Байниет Сталинград майданында ерлікпен қаза тауып, Ақниет жаралы болып қайта елге оралған. Ал кіші ұлы әкем Айниет Әсербаев соғыс жылдарында әскерге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Жапон императорының Квантун армиясына қарсы шыққан шекара шебіндегі қан майданның ортасынан бірақ шықты.
Германия тізе бүккенімен, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталмаған еді. Кеңес Одағы Жапонияға қарсы соғыс жариялап, Забайкал майданына әскер қосты. Соғысқа қатысқан 39-шы армия құрамында Сыр елінің жауынгері Айниетте болып, 8-ші гвардиялық дивизия құрамында жауға тойтарыс берді. Кеңес әскерінің қатарында Оптор, Хайлар, Харбин, Жалайнор бағыттарындағы соғыста ерлігімен бірнеше рет көзге түскен. 1948 жылы наурыз айында елге аман-есен жеңіспен оралды.
Соғыстан кейінгі жылдары әкем Айниет Әсербаев партия, кеңес қызметтерінде және кейінгі қырық жыл ғұмырын сауда саласына арнады. Ол сол тұста құрамында іргелі астам қоймасы бар Бірлік, Ақөзек секілді село басшысы қызметін абыроймен атқарып жүріп, білімін жетілдірді. Кейін Жаңа Қазалы поселкесінде шаруашылық азық-түлік сауда мекемесін басқарды. Осылай өмірінің 40 жылын басшылық қызметке арнады. Зейнетке шыққанға дейінгі өміріндегі тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол көзі тірісінде «Құрмет белгісі», «Ерен ерлігі үшін», «Жуков» атындағы, тағы көптеген орден-медальдармен марапатталған.
1925 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген Айниет Әсербаев 2000 жылы 75 жасында күз босағасын қаққан шағында дүниеден өтті. Көзі тірісінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде батырдың ұл -қыздарынан ұрпақ жалғасын тауып жатыр. «Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас», деп әйгілі Мағжан ақын жырлағандай, ерлік ешқашан ұмытылмайды. 2022 жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде Айниет Әсербаев атына көше берілді. Көзі тірісінде балаларына «Адал болсаң абыройлысың» деп өсиет қалдырған.
Ұлттық кодымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына батыр бабаларымыздың ерлік рухын сіңіру мақсатында батырдың балалары аталарының ерлігін, еңбекқорлығын үлгі етіп, 2018 жылы келіні Қарлығаш Абдрахманова «Адал болсаң, абыройлысың” атты естелік кітап шығарды.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы, -
деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Жеңістің 80 жылдығы мерейтойында батырдың ұрпақтары естелік жазып, сарғайған суреттерге қарап, аталарына сағына еске алады.
Асербаев Болатбек