2025 жылдың 5 мамырында Шерзат Болаттың қазасына байланысты өтіп жатқан сот процесі барысында тағы екі куәгер – Арлан Құсайынов пен Данияр Жанболатұлы сотта түсініктеме берді. Олар қазан айының басында болған қайғылы оқиғаға қатысты өз көзқарастарын ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.
20 жастағы Арлан Құсайыновтың айтуынша, ол сол күні Талғар қаласындағы әкімдік маңында достарымен бірге көлікте болған. Куәгердің сөзіне қарағанда, ол не марқұмды, не айыпталушыларды танымайды.
– Оқиға орнынан хабар жеткен кезде біз бірге тұрғанбыз. Сол кезде достарымыздың бірі – Данияр Жанболаттың анасы қоңырау шалып, «бір жақта атыс болып жатыр, үйлеріңе қайтыңдар» деп ескерткен. Біз автобаза жаққа бет алдық. Мен соңғы болып жеттім, сол кезде достарым тарап кетіпті, – деді Арлан.
Сотта екінші болып сөз алған – Данияр Жанболатұлы. Ол сол түні оқиғаға жақын маңда орналасқан «Қамажай» дүкенінің жанында болған. Анасы алаңдаушылықпен хабарласып, белгісіз бір жағдай орын алғанын жеткізген. Телефон арқылы жылаған дауыс естіген Данияр шұғыл түрде достарымен бірге оқиға орнына барады.
– Біз дүкеннің алдында бірнеше жігіттің жарақат алғанын көрдік. Олар, меніңше, Шерзат Болаттың достары болатын. Бір жігіттің басында қатты жарақат бар еді. Біз төбелес болған шығар деп ойладық. Мұндай ауыр жағдай болады деп ешкім күтпеді, – деп еске алды куәгер.
Данияр Жанболатұлы сондай-ақ сол түні түсірілген бейнежазба туралы да айтты. Оның сөзінше, бұл бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған және көршісінің төртінші қабаттағы пәтерінен түсірілген.
Бұл іс қазір қоғам назарында тұр. Жәбірленуші тарап пен қоғам белсенділері соттың әділ әрі ашық өтуін талап етіп отыр. Қоғамда резонанс тудырған бұл қылмыстық істің сот процесі жалғасып жатыр.