Қостанайда Отан қорғаушылар ерлігінің құрметіне арналған жауынгерлік техника музейі осыдан он екі жыл бұрын Жеңіс саябағының бір бұрышынан ашылған еді. Содан бері бұл алаң жергілікті тұрғындар, қала қонақтары жиі соғып, өткенге тәу ететін тарихи орынға айналды.
Ашық аспан астындағы мұражайға Екінші дүниежүзілік соғыста пайдаланылған отыз шақты әскери техниканың, атап айтқанда, «Т-34», «Т-62» танктерінің, құрыштан құйылған бірнеше техниканың, әйгілі «Катюша» артиллериялық қаруының, түрлі зеңбіректің макеттері қойылған.
«Ата-анамыз осы саябаққа жақын жерде тұрады. Кешкілік жатар алдында бала-шағамызбен бірге осында келіп, біраз серуендеп қайтамыз. Мұндағы әскери техникаларды жақыннан көрудің өзі қорқынышты. Бесіктегі баланы жетім, жас келіншекті жесір еткен сұрапыл соғыстың қасіреті әлі ұмытылған жоқ. Бейбіт заманнан артық ештеңе жоқ. Мұндай соғыс техникалары осылай музейде тұра берсін, жер бетінде тек тыныштық салтанат құрсын», дейді осыдан екі апта бұрын Көкшетау қаласынан қонаққа келген Нарғыз Жүнісова.
1942 жылдың көктемінде дәл осы алаңнан Қостанай облысында жасақталған 151-арнайы атқыштар бригадасы майданға аттанған болатын. Кейін қатары селдіреген бригада 150-атқыштар дивизиясының құрамына енеді. 1945 жылы Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қаһармандар қатарында осы 151-атқыштар бригадасының жауынгерлері де болған. Рейхстаг төбесінде жеңіс туын желбіреткен жауынгерлерді қостанайлық Илья Сьянов басқарған автоматшылар ротасы оқпен қалқалап тұрған еді. Жауынгерлік техника музейінің кіреберісінде осы бригаданың құрметіне қойылған биік ескерткіш тұр.
Қостанай облысы