Жетісуда 70-тен аса этнос өкілі тұрады. Облыс орталығындағы Достық үйі бірнеше этнобірлестікті бір шаңырақ астында ұйытып отыр. Олар өз дәстүрін ғана емес, қазақ халқының мәдени өміріне шуағын төгіп келеді. Сол себепті Талдықорғанда «Достық аллеясы» ашылды.
Көпке мәлім, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Жетісу жері сонау тарихқа үңілсек, көптеген этносқа пана болған қасиетті аймақ саналады. Сондықтан мереке сайын этномәдени бірлестіктер өз ризашылығын білдіріп тұрады. Осы мақсатта ашылған «Достық аллеясының» маңызы зор.
Салтанатты іс-шараға қатысушылар аллеяға 30 түп катальпа ағашының көшетін отырғызды. Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, Ассамблея мүшесі, қоғам қайраткері Атсалим Идигов және белсенді жастар қатарынан Екатерина Подгорная болашаққа бағытталған тілек жазылған уақыт капсуласын орналастырды. Уақыт капсуласы 2030 жылы, яғни ҚХА 35 жылдығында алынып, оқылатын болады.
Жиын барысында І.Жансүгіров атындағы университеттің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Бархудар Гусенов қазақ халқының дархандығын айтып, ақ тілегін арнады.
Жетісу облысы