Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Әскери парадта майдангерлерге ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әскери парад өткізу – Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті мерекелеудің бір формасы ғана емес, ең бастысы, Президент атап өткендей, елдік пен бейбіт өмір үшін күрескен батыр бабаларымызды ұлықтау, қан-майданда қаза тапқан боздақтарға тағзым ету.
Сонымен қатар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні екенін де ұмытпауымыз керек. Бүгін біз мақтан тұтатын еліміздің элиталы қарулы күштер бөлімшелері, әскеріміздің техникалық қуаты көрсетілді.
Мемлекет басшысы «Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімдері мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды!» деді.
Президент сұрапыл соғыста табандылық танытқан барлық ардагерлерге алғысын айтып, «аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат, отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге» екенін ерекше атап өтті.
Қазақ халқы ежелден өзінің адамгершілігіжәне ар-намысына адалдығымен танымал. Мемлекет басшысы атап өткен «Жаным – арымның садағасы» деген қағида бүгін де өзекті.
Шеру соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қолбасшылармен суретке түсті.