Әлемнің 110 елінен 50 мыңнан аса оқушы қатысқан Хьюстондағы «FIRST Championshi 2025» халықаралық инженерлік турнирінде Қазақстан құрамасы үш жас санаты бойынша рекордтық нәтиже көрсетті.
Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, біздің балалар аталған беделді білім бәйгесінде алты бірдей марапат жеңіп алып, әлемнің үздік инженерлерінің қатарынан көрінді. Ел намысын жеті команда қорғады. Жоғары санатта (12–18 жас) Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «PID» командасы еліміз тарихында тұңғыш рет жарыстың финалына өтіп, «Motivate Award Winner» және «Division Finalist Award» деп аталатын екі марапатты иеленді. Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Cristabol» командасы техникалық және техникалық емес дағдылардың үздік үйлесімі үшін берілетін ең беделді марапат – «INSPIRE Award»-ты жеңіп алды. «Sana team» (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және «Jeltoqsun» (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен ТОП-20 қатарына енді. Орта санатта (10–16 жас) – «First Lego League Challenge» турнирінде Астана қаласындағы «Skillset» мектебінің «Skillset» командасы «Champions Award» аталымы бойынша финалист атанды. Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің «Rasslexx» командасы «Coopertition «Award Winner» марапатын жеңіп алды. Кіші санатта (6–10 жас) – «First Lego League Explore» бойынша Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің «Atlantis» командасы «Team Model Award» марапатына ие болды.