
Жадыра Ахметованың айтуынша, Алматыда репродуктивті денсаулықты қорғау – әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі. 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы мәліметтер бұл бағытта оң өзгерістердің бар екенін көрсетіп отыр. Отбасын жоспарлау, медициналық тексеру және жастармен профилактикалық жұмыс жүргізу салаларында айтарлықтай ілгерілеу байқалған.
«Репродуктивті денсаулықты қорғау – Алматының әлеуметтік саясатындағы ең маңызды сала. 2025 жылғы бірінші тоқсандағы мәліметке қарағанда, отбасын жоспарлау, дәрігерге қаралу мен жастармен жұмыс істеу мәселесінде үлкен ілгерілеу бары байқалды», деді Жадыра Ахметова.
Оның айтуынша, 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Алматы қаласының тұрғындар саны 2 348 096 адамға жеткен. Бұл 2023 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5,6%-ға, 2024 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өсім бар екенін көрсетеді. Балалар саны 2,5%-ға, ал жасөспірімдер қатары бірден 18%-ға артқан.
Бала тууға дайындық мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Жадыра Ахметова келтірген дерекке сәйкес, босануға дайындық көрсеткіші 2024 жылы 19,1% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 50,8%-ға жеткен. Яғни, әйелдер арасында профилактикалық тексеруден өту мен медициналық сауаттылық деңгейі айтарлықтай артып келеді.
«Прегравидарлық дайындықпен қамтудың артуы – аналар мен балалардың денсаулығына төнетін қауіп-қатерді азайтуға септігі тиетін маңызды қадам. Бұл жаңа тәсілдердің сәтімен енгізіліп, медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастырудың жақсарғанын, сондай-ақ әйелдердің ақпараттану деңгейінің артқанын дәлелдейді», деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, қаладағы Жастар денсаулық орталықтарының (ЖДО) жұмысы жанданып келеді. Бұл орталықтар жасөспірімдер мен жастарға медициналық және психоәлеуметтік қолдау көрсететін мамандандырылған мекемелер. Бүгінде Алматыда 14 ЖДО жұмыс істейді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл орталықтарға 25 мыңнан астам адам жүгінген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 66%-ға жоғары.
Келушілердің басым көпшілігі психологқа (8627), терапевтке (6063), гинекологқа (5745) және урологқа (2225) жүгінген. Бұл жастар арасында психологиялық және репродуктивті қолдау сұранысының жоғары екенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта ЖДО-ларда 98 маман қызмет етеді. Олардың 60%-ы репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша арнайы сертификаттарға ие. Бұл көрсеткіш Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен стандарттарға толық сәйкес келеді.
«Алматыда репродуктивті денсаулықты қорғауға бағытталған бастамалар медициналық көмекті ғана емес, сонымен бірге білім беру, ағарту мен психоәлеуметтік қолдауды да қамтиды. Мұндай қадамдар халық денсаулығын нығайтуға, ата-ана мәдениетін қалыптастырып, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға ықпал етеді», – деп түйіндеді Жадыра Ахметова.