Цифрлық технологиялар адам өмірінің барлық саласына дендеп енген бүгінгі таңда жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерін заңнамалық тұрғыда реттеу – уақыт талабы. Осы орайда Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қарауға ұсынылды, деп жазады Egemen.kz.
Аталған заң жобасы Парламент Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен әзірленіп, жасанды интеллект саласындағы қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттейтін алғашқы кешенді құжат болмақ. Бұл туралы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті қорытындысында мәлімдеді.
Заң жобасы жеті тараудан және жиырма сегіз баптан тұрады. Онда ең алдымен жасанды интеллект саласындағы ашықтықты, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық әрі ұйымдастырушылық тетіктері бекітілген. Сонымен қатар:
мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда ЖИ технологияларын қолдану тәртібі белгіленеді;
Үкіметтің осы саладағы құзыреті кеңейеді;
жасанды интеллект жүйелерімен жұмыс істейтін субъектілердің құқықтары мен міндеттері нақтыланады.
Комитеттің мәліметінше, заң жобасы бойынша жұмыс тобына 66 ұсыныс түсіп, олар бес отырыс аясында талқыланған. Талқылауға мүдделі мемлекеттік органдармен қатар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар да қатысқан.
Қазірдің өзінде еліміздің цифрлық даму бағыты жасанды интеллектке үлкен сенім артып отыр. Дегенмен бұл технологияның мүмкіндігін толық әрі қауіпсіз пайдалануға құқықтық негіздің болуы шешуші мәнге ие.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасын бірінші оқылымда Мәжілістің жалпы отырысына енгізуді ұсынды.