Бүгін Өскеменнің орталық алаңында мемлекеттік мекемелер мен жекелеген компаниялар оқу орнын тәмамдап жатқан түлектерге, жұмыссыз азаматтарға жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар, жастарға баспанаға қол жеткізуге де бағыт-бағдар берілді.
Бұл күні «Шығыс маманы» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 2 мыңнан астам адам қатысып, өздеріне лайық деп тапқан жұмыс берушілермен тілдесті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде жұмыссыздар саны 448,2 адам болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 0,5%-ға көп. Ал, бүгінгі жәрмеңке түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Маман таппай жүрген мекемелерге де өте тиімді.
– Бұл жолы жәрмеңкеге аудандар мен қалалардан 113 жұмыс беруші 2 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жергілікті оқу орындарынан 2300-ге жуық студент келіп қатысып жатыр. Түлектер диплом алғаннан кейін бірден жұмысқа орналасып, алыс аудандарға барып жұмыс іздемеу үшін барлығын бір алаңда жинадық. Қазір облыста мұғалім, дәрігер, медбике, құрылысшы мамандықтарына сұраныс артқанын байқап отырмыз. Бұл жастардың мамандықпен жұмысқа орналасуына жақсы мүмкіндік деп ойлаймын, – деді Мансап орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Шекара шебіндегі Марқакөл ауданы әкімдігінің өкілдері де бүгінгі шараға арнайы келген. Олар мемлекеттік қызметке қызығушылық білдірген жас мамандарды жаңа ауданға жұмысқа шақырып жүр.
– Қазір бізде дербес бөлімдерде, әкім аппаратында, әлеуметтік жұмыспен айналысатын 28 бос жұмыс орны бар. Қызығушылық білдіргендер айтарлықтай көп деп айта алмаймыз, бірақ келіп жатыр. Ауылда жұмыс істеуге ниетті жастарға қазір мүмкіндік көп. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы баспана сатып алуға немесе салуға несие және көтерме жәрдемақы беріледі, – деді Марқакөл ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің басшысы Әсем Болысова.
Сондай-ақ, Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежайға да мамандардың қажет екендігі айтылды. Әсіресе, әуе қозғалыс қызметіне диспетчер, метеорологиялық қызметке синоптиктер және радиотехникалық жабдықтарға қызмет көрсету инженерлері қажет.
Одан бөлек полиция қызметіне, төтенше жағдайлар департаментіне де мамандар іздестіріліп жатты.
Шығыс Қазақстан облысы