15 сәуір - ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен жетекші халықаралық инжинирингтік компания Tecnicas Reunidas (TR) және бірқатар серіктестердің қатысуымен инженерлік мамандықтар бойынша оқитын қазақстандық студенттерге арналған жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарлама шеңберінде 120 қазақстандық жас маман Испанияда инжиниринг саласында арнайы кәсіби даярлықтан өтеді. Оқыту аяқталғаннан кейін түлектер Tecnicas Reunidas компаниясының халықаралық жобаларында жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Жобаның негізгі мақсаты - мұнай-химия саласы үшін әлемдік деңгейдегі жоғары білікті инженер кадрларын даярлау, сондай-ақ отандық мамандардың жаһандық технологиялық ортада жұмыс істеуіне жағдай жасау. Бағдарламаның ұзақтығы - 4 жыл.
Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарды даярлау бағыты да қарастырылған. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы APEC колледжі базасында “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ-ның еншілес ұйымдары жүзеге асырып жатқан мұнай-химия жобаларына қажетті кадрларды даярлау курстары басталады.
ҚР Энергетика министрлігі бұл бастамаларды мұнай-химия саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, адами капиталды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалайды.