• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:35

Бірегей білім моделі

40 рет
көрсетілді

Астанада Орталық Азиядағы алғашқы «TUMO» креативті технология орталығы ашылады. Бұл жобаны іске асыруға байланысты «Astana Hub» пен «TUMO» арасында келісімшартқа қол қойылды.

«Astana Hub»-тың бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, «TUMO» – Арменияда әзірленген халықаралық үлгідегі инновациялық қосымша білім беру моделі. «Мұндай орталықтың елордада ашылуы – еліміздің әлемдік білім қауымдастығына қосылып, жастардың цифр­лық сауаттылығын арттыратын маңыз­ды қадам. Бұл бағдарлама аясында 12–18 жас аралығындағы оқушылар толық тегін білім алады. Бір жағынан, оларға заманауи цифрлық әрі креативті дағдыларды меңгеруге жол ашылады», деді ол.

Бағдарлама 11 негізгі бағытты қамтиды. Оның қатарында генеративті жасанды интеллект, ойын әзірлеу, анимация, киноөндіріс, 3D модельдеу, роботтехника, графика­лық, моушн-дизайн, бағдарламалау, музыкалық композиция және веб-әзірлеу секілді сұранысқа ие салалар бар.

Орталықтағы оқу үдерісі «TUMO Path» платформасы арқылы жүзеге асады. Бұл алаң әрбір оқушыға қызығушылығы мен мақсатына сай жеке білім траекториясын құрып, оны біртіндеп жетілдіруге мүмкіндік береді. Оқушылар алған білімін практикалық тапсырма арқылы бекітіп, воркшоп-лидерлердің жетекшілігімен нақты жобаларға қатысып, даму жолын айқындайтын жеке портфолио жасайды.

«Қазақстанда «TUMO» моделін таныстыру – бізге үлкен мәртебе. «Astana Hub»-пен әріптестік мақсатымыз үндеседі. Бастысы, жастарды болашақта сұранысқа ие цифрлық және шығармашылық дағды­лармен қаруландыру. «TUMO Astana» қазақстандық жастарға әлемнің әр түкпі­рін­дегі 80 мыңнан астам оқушының өмірін өзгерткен жоғары сапалы бағдарламаны ұсынады», деді «TUMO»-ның даму жөнін­дегі директоры Бекор Папазян.

2011 жылы Ереванда негізі қалан­ған бірегей білім моделінің 7 елде орналасқан 18 орталығы бар. Қазір­гі таңда мұндай орталықтар Арме­ниядан бастап, Франция, Германия, Португалия, Украина және Алба­нияда табысты жұмыс істеп тұр.

Елімізде ашылатын «TUMO» орталығы бас шаһардағы «alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасады. Ал оның жұмысы алдағы қазан айында бас­талады.

Айта кетейік, аталған жоба ел үкіметінің 5 жыл ішінде 1 мил­лион адамды цифрлық дағды­ларға оқытуға бағытталған стра­те­гиялық бастамасы шең­берін­де жүзеге асып отыр. Бұл «AI Movement» қозғалысының «Tomorrow School», «People Bootcamp», «AI’preneurs», «QazCoders» секілді басқа да маңызды жобаларымен тығыз байланысты.

Соңғы жаңалықтар