Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақтөбе облысындағы департаменті Алға ауданында алқаптардың пайдаланылуына жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп жазады Egemen.kz.
Тексеру нәтижесінде егіс жұмыстарына арналған 1600 гектар учаскенің ұзақ уақыт пайдаланылмағаны анықталған.
Департамент жерді игеру және анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама бергенімен, нұсқама талаптары орындалмаған.
«Аудандық соттың шешімімен серіктестікке 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты департаменттің жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талабын қанағаттандырды. Сот шешімі нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы шамамен 1200 гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.