• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Технология Бүгін, 10:30

Ауыл балалары халықаралық робототехника жарысында жеңіске жетті

60 рет
көрсетілді

Еліміздің қай қиырын алсаңыз да, талантты, аса қабілетті балалар табылады. Осы демалыс күндері Жетісу облысында орналасқан Дарынды балаларға арналған Жыланды мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары әлемдік аренада қазақ рухын, ғылымы мен өнерін қатар танытты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Сонымен 2025 жылы 16-18 мамыр аралығында Қытай мемлекетіндегі FTC (FIRST Tech Challenge) жарысы – 5-ші ЦаоЛу кубогы: Жасөспірімдерге арналған робот жобалау және құрастырудан ұйымдастырылған чемпионатына Жетісу облысындағы Дарынды балаларға арналған Жыланды мамандандырылған лицей-интернатының WATER7 командасы Connect Award марапатын иеленді. Бұл – жасөспірімдердің шығармашылығы мен техникалық қабілеттерін әлемдік деңгейде танытуға берілген тамаша мүмкіндік болатын. Бұл – ауылдан шыққан жас дарындардың ғылым мен техника әлеміндегі зор жетістігі.

Ал осы жеңістің артында – ауыл мектебінің оқушыларын халықаралық деңгейге көтеріп жүрген ерекше маман, робототехника жаттықтырушысы Айдос Ордабаевты бөле-жарып атап өткен жөн. Өз мамандағының білгірі лицей-интернатына арнайы шақыртумен келіп, бір жылдың ішінде Жыланды мектебінде робототехника бағытын жаңа белеске көтерді. Нәтижесінде оқушылар республикалық және халықаралық деңгейде топ жарып келеді.

Білім ордасының Жыланды мектебінде робототехника зертханасының ашылуына демеушілік көрсетіп, ауыл балаларына үлкен мүмкіндік сыйлаған меценат, осы ауыл тумасы Бағыржан Кеңесбекұлына деген алғыстары шексіз.

Сол сияқты дарынды оқушылардың халықаралық жарыста бақ сынауына Жетісу облысының әкімдігі мен Жетісу облыстық білім басқармасы да игі ықпал етіп отыр.

Мұндай демеу мен қолдау қабілетті балалардың жаңа жетістіктерге жетуіне үлкен серпін беріп отыр.

Халықаралық жарыста WATER7 командасы құрамындағы 11 оқушы мен 2 жетекші жарыс алаңында қазақтың қара домбырасымен күй орындап, көк байрақты желбіретті.