• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Денсаулық Кеше

Салауатты өмір — саналы ұрпақ таңдауы

40 рет
көрсетілді

Алматы қаласында еліміздің танымал чемпиондары мен спорт шеберлері жастармен бірге таңғы жаттығу жасап, «Чемпиондық рух» жобасының ашылуына қатысты. Бұл жоба – «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының жаңа бастамасы, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Мұндағы басты мақсаты – салауатты өмір салтын жастар арасында кеңінен насихаттау, табысты спортшылардың кейсін пайдаланып, әр азаматтың чемпион болуға лайық екенін көрсету. Жоба шеңберінде тек жаттығулар ғана емес, әр түрлі бағыттағы шаралар кешені ұйымдастырылады. Алматыда бастау алған жоба республика көлемінде жалғасады.

Іс-шараға Мәжіліс депутаты, «Alash Pride» клубының негізін қалаушы және президенті Данияр Қасқарауов, Алматы облыстық мәслихат депутаты, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу және грэпплинг спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, сондай-ақ еліміздің атақты спортшылары қатысты. Олардың қатарында өткен жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов, джиу-джитсудан әлем чемпионы, грэпплингтен UWW федерациясының Алматы қаласы бойынша президенті Альберт Алдияров, UFC лигасында өнер көрсетіп жүрген жекпе-жек жауынгері Асу Алмабаев бар. Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан қоғам белсенділері мен қала жастары чемпиондармен еркін форматта сұхбат құрды.

Жастар қанатының көшбасшысы Ақерке Искандерованың айтуынша «Чемпиондық рух» — тек спорттық жаттығулар мен жарыстарды ұйымдастыру ғана емес, жастардың өз денсаулығын күтуге және қоғамда салауатты өмір салтын ілгерілетуге бағытталған ұстаным дейді.

«Бұл жоба спорт пен рухты бірлестіріп, қоғамда ішкі тәртіп, өз-өзіне сенім қалыптастыруды көздейді. Ең бастысы – «Чемпиондық рух» жобасы жастар арасындағы агрессиямен күресіп, олардың бос уақытын тиімді өткізуге, спортшылардың күші мен энергиясын дұрыс бағытта қолдануға жол ашады. Бұл бастама жастарды рухани, физикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытып, оларды жауапты әрі белсенді азамат болуға ынталандырады. Жоба аясында алдағы уақытта салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі шаралар өтетін болады. Оның ішінде, шеберлік сабақтары, спортшылармен кездесу, турнирлер және т.б.», деді А. Искандерова.

Жобаның амбассадоры, джиу-джитсу мен грэпплинг бойынша спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров бұқаралық спортты дамытып, көпшілік арасында насихаттаудың маңызы жайында айтты, сондай-ақ қатысушыларға арнайы ашық аспан астында жаттығу өткізді.

«Бұқаралық спорттың адамның денсаулығын жақсарту, қоғамдағы тәртіптілік пен бірлік сезімін арттыру, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Жастарды спортқа тарту арқылы ғана біз оларға дұрыс өмір салтын ұстануға көмектесе аламыз. Спорттық жаттығулар мен жарыстар арқылы қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру маңызды», деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Таңғы жаттығудың ең жас қатысушысы 4 жасар Әли өзінің әкесімен бірге белсенділік танытып, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Әлидің спортқа деген қызығушылығы мен энергиясы өзге де қатысушыларға стимул болды. Осындай белсенді қатысушыларға арнайы чемпиондардың қолтаңбасы бар сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік атаулы шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы қолдауымен өтіп жатыр. Жоба аясында түрлі спорттық жарыстар мен тренингтер, фитнес-жаттығулар мен шеберлік сыныптары, сондай-ақ арнайы мотивациялық кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылады.